Назарбаевты ұлықтау рәсіміне әзірлік қалай жүріп жатыр?

Ерекше шапшаңдық танытқан Орталық сайлау комиссиясы заңда бекітілген 7 тәулікті күтпестен бүгін саяси доданың соңғы қорытындысын шығарып үлгерді. Десек те, алдын ала болжам аса өзгере қоймапты. Сол 9 миллионға жуық адам, яғни сайлаушылардың 97,75 пайызы қазіргі президентке дауыс берген. Сан нақтыланған соң комиссия инаугурация өтетін күнді де дереу жариялап жіберді.

Бақыт Мелдешов, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

-Кезектен тыс сайлауда сайланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ант беру күні  2015 жылғы 29 сәуір болып  айқындалсын. 

Жалпы ұлықтау рәсімі осындай қысқа мерзімде алғаш өткелі отыр. Мәселен, 2011 жылы инаугурация сайлаудан 5 күн өткен соң ұйымдастырылған. Бұл жолы дайындыққа 1 тәулік берілді. Сондықтан Астанада қызу қарбалас.

-Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі еліміздегі ең басты алаңда өтеді.  Яғни, ертең күллі әлемнің назары осы жерге ауады. Сондықтан «Қазақ елі» алаңы мен «Тәуелсіздік» сарайы қазір стратегиялық маңызды нысанға айналған. Төңірек қырағы бақылауға алынып, күзет те күшейтілуде.

Елбасының аяғы тиетін жер айнадай таза болуы тиіс. Коммуналдық қызмет Тәуелсіздік сарайының баспалдағын күрек, сыпырғымен тазалап, тіпті қолмен  жуып жүр. Алаңға  киіз үй тігіліп, сахна құрылуда. Ертеңгі шеруге қатысатын әскери көліктер, техника мен салтанатты түрде сап түзейтін ұлттық гвардия сарбаздары дамыл таппай жаттығып жатыр.


Ақорда да қарбалас. Сарай алдына қызыл кілем төселіп Мемлекеттік ту жаңартылған. Назарбаевтың кортежі аспаннан тікұшақпен камераға түсірілетіндіктен әуе де әзірлік қызу. Өйткені, ұлықтау рәсімі дәл осы жерден басталмақ. Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың алдынан кортежіне мініп, Тәуелсіздік сарайына барады. Бұл жерде мемлекет басшысына арнайы куәлік пен төс белгі табысталады. Ал, Елбасы Ант беріп, Туымызға тағзым еткен сәттен бастап қызметіне ресми түрде кіріседі.

2011 жылғы инаугурация дәл осы Тәуелсіздік сарайында өткен. Президент мінген кортеж Астананың ең көрікті жерімен жүріп, 40 мың халық жиналған Қазақ елі монументінің алдына келіп тоқтаған болатын. Сөйтіп, мемлекет басшысы ақ киіз төселген мінберге 150 метрдей жаяу жүріп жетті. Дәл осы сценариймен Нұрсұлтан Назарбаев биыл бесінші рет Қазақстанның президенті ретінде ұлықталмақ.

Loading...