Неге асығыс? Ұлттық құрылтайдың V отырысы 20 қаңтар күні Қызылордада өтеді

Баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, Сыр бойындағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Алғашқы Ұлттық құрылтай отырысы Ұлытау облысында өтті. Тарихи тұрғыда маңызды өлкеде ұлттық бірлікті нығайту және реформаларды талқылауға басымдық берілді. Нәтижесінде Республика күні ұлттық мереке ретінде қалпына келтірілді. Парламент құзыры кеңейіп, адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Ал 2023 жылы құрылтай мүшелері Түркістанда бас қосты. Бұл жолы нашақорлыққа қарсы кешенді жоспар қабылданды. 2024 жылғы Атыраудағы жиын "Таза Қазақстан" экологиялық науқанына себеп болды. Сондай-ақ, құмар ойынға қарсы 2024-2026 жылдарға арналған жоспар қабылданды. Былтырғы Ұлттық құрылтай Бурабайда өтті. Онда алғаш рет салық реформасы пысықталды. Ұлттық цифрлық архивтің жол картасы бекітілді, инфрақұрылымдық жобалар ұсынылды.

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:

2022 жылы – Ұлытауда;

2023 жылы – Түркістанда;

2024 жылы – Атырауда;

2025 жылы – Бурабайда өтті.

"Соңғы жылдары тарихи ғылымды ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде дамытуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Биылғы құрылтай Қызылорда қаласына астана мәртебесін беру туралы тарихи шешімнің 100 жылдығы қарсаңында өтуде. Осыған байланысты келесі Ұлттық құрылтайды Қызылордада өткізуді ұсынамын", – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте қоғам белсенділері құрылтайдың тым ерте өтетінін талқыға салып жатыр. Журналист Нұрбек Бекбаудың жазуынша, әдетте наурызда өтетін жиын биыл тым асығыс болғалы жатыр.

"Бұл жайдан жай емес. Бірақ… Құрылтай дегеннің өзі төтен, шұғыл жиналыс емес пе еді? Ол — елдің іші-сыртындағы ахуал күрт өзгергенде асығыс ұйымдастырылатын ұлы жиын еді ғой?! Ал қазір дәл сондай кезеңге кіріп барамыз. Қараңыз, әлем қайта құралып жатыр. Кейбір державалардың саяси картасы өзгерудің алдында тұр. Геосаясатта ескі ережелер жұмыс істемей қалды. Иә, осы жолғы Құрылтай — елді алдағы ауыр кезеңге бейімдеу үшін асығыс шақырылып отырған сияқты. Қызылордадағы жиында бұрын-соңды естімеген әңгімелер айтылуы, талқылануы кәдік. Сенатты қысқарту, Парламент сайлауы әм басқа да сайлау осы құрылтайда айтылады-ау?!», - деп пікір білдірді журналист Нұрбек Бекбау. 

Алмас Алтайдың жазуынша, биылғы құрылтайда Жолдауда айтылған Парламенттік реформа айтылуы мүмкін. 

«Жұмыс тобының құрамында осал адам жоқ: заң ғылымдарының докторлары, "поляда" жүрген заңгерлер, Парламент депутаттары, белсенді қоғам өкілдері кірген. Egov арқылы халықтың ұсыныс, пікірлері де түсіп жатыр, жұмыс тобы ол жерден де іліп алар идеяларды суырып алып жатыр», - дейді журналист Алмас Алтай.