Блогер бұл ақпаратпен өзінің Instagram парақшасында бөлісті деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Инстаграм желісінде парақшамды бір ниетпен ашқан едім. Ол кезде Кәусарым туралы тіпті ешкім білмейтін. Сол ниетімді қайтадан жаңартып, ерекше балалардың жалпы арқалап жүрген миссиясына қайта оралсам деймін. Алла жүрегіме салған сезімдерім мені осындай тұжырымға қайта әкелді.
Біздің қоғам ерекше балаларды күнделікті қоғамдық жерлерде көріп үйренбеген, себебі ерекше баласы бар әр ана баласына деген қарым-қатынастан баласын үйінен шығара да алмайды. Әр ана өзін кінәлап, іштей жеп, бақытты өмірдің не екенін ұмытады.
Дәрігерлердің ауыр үкімдері үмітіңді өшіре береді. Ал балаң саған мөлдіреген көздерімен қарап, көмек сұрағандай көзқарас танытқанда нағыз азап басталғандай болады... Себебі қолыңнан келері жоқ. Шарасыз қалудан артық жаза жоқ секілді сезінесің.
Сыртқа өзімізді мықты көрсеткіміз келеді. Ал ішіңнен өртеніп, жанып, мыңдаған сұрақтарға жауап таба алмай жүрген, неге басқа аналардың балалары сау, неге менің балама соншама ауыртпашылықты төгіп бердің деген, Аллаға налу бар екенін тіпті біз аналар мойындамаймыз да. Алладан сұраймыз шипа беруін, бірақ іштей сенбейтінімізді де түсінбейміз. Себебі, жүрегіміздің түкпіріне үңілмейміз.
Осы уақытқа дейін жобаларымның бәрінде прогрев жасап, барынша құндылығын түсіндіруге күшімізді салатын едік... Бұл жолы Алла жүрегіме салған сезімдерді осылай ғана жеткізгім келді... Ерекше аналарға арналған жобаны жасауға ниеттеніп отырмын. Бисмиллях. Тегін сабаққа дәметіп жасамайсыз ба дейтін аналар, өміріңіздегі қиындықтан шаршаған жоқсыз ба? Адамның ниеті өзгермейінше, Алла жағдайын өзгертпейді», - деп жазды ол.