Әрине, өзімізді батыспен салыстыра алмаймыз. Тұрмыс деңгейінен бұрын менталитетіміз бар. Біздегі ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің өмір сүру салты қалай, британдық «бабушкалар» мен аталардың болмысы қандай? Айырмашылық – жер мен көктей. Не үшін? Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қаржылық сауат телеграм арнасының мәліметінше, мәселе зейнетақыда екен. Өзін тәуелсіз қаржы кеңесшісі деп таныстыратын Аман Алимбаев қызықты деректермен бөлісті.
Жазбасында ол Еуропада балқып-шалқып өмір сүретін зейнеткерлердің зейнетақысы туралы баяндайды. Жаһандаған заманда келешекте қайда барып өмір сүретінімізді кім білсін, батыстың да жүйесін біле жүрейік деген ой ғой. Автор қызықты 3 деректі алға тартады.
1. Бай «пенсионерлер» туралы миф. Жалпы, қай елде болмасын, мемлекеттік зейнетақының жоғары болуы өте сирек жағдай. Бұл құбылыс Еуропаға да тән деп сендіреді автор. Мысалы, зейнетақысы жоғары саналатын Данияда оның мөлшері орташа жалақының 100%-ын емес, тек 78%-ын құрайды екен. Германияда мемлекеттік зейнетақы орташа жалақының 58%-ын, Швейцарияда 45%-ын құрайды.
Білген адамға бұлар – ең дамыған елдердің бірі! Сонда еуропалық бай «пенсионерлер» туралы миф қайдан шыққан? «Сеніңіз, бұл ешқандай да миф емес!» дейді сарапшы. Себебі:
Еуропада азаматтың мемлекеттік зейнетақысы жалпы зейнетақының үштен бір бөлігін ғана құрауы керек. Еуропаның зейнетақы жүйесі осылай жұмыс істейді. Яғни, онда азаматтардың зейнетақысы 3 бөліктен құралады:
- Мемлекеттік зейнетақыдан
- Корпоративтік зейнетақыдан
- Инвестициялық зейнетақыдан
2. Мемлекеттік зейнетақымен «күн көрмейді». Бір қызығы, еуропалықтардың өзі зейнетақы жүйесі туралы өте жақсы біледі дейді. Сол үшін де олар мемлекеттік зейнетақыға телміріп отырмайды екен. Яғни, жастайынан өздеріне қосымша зейнетақы жинайды (түрлі инвестициялық құралдар арқылы).
Қазір шет елде көп қыдырамыз ғой, сіз де көріп жүрсіз, батыс елдерінің жұртында әдемі қарттық бар – мейрамхана мен круиз толы қария. Солай ғой? «Ол адамдар, біз ойлағандай, өмірін мемлекеттік зейнетақымен өткізіп жатқан жоқ» деп сендіреді қаржы кеңесшісі.
3. 50 жасыңда да зейнетке шығасың. Еуропада азамат зейнет жасқа жеткенше оның мемлекеттік зейнетақысынан ақша алынбайды. Жүйе солай құрылған.
Есесіне, ол жақта зейнеткерлік жас үнемі өсіп отырады. Бүгінгі зейнеткерлер 60-67 жаста демалысқа шығады. Ал, қазір жас, 35-40 жас аралығындағы азаматтар мемлекеттік зейнетақы алу құқығына ие болу үшін 70 жасқа дейін жұмыс істеуге міндетті болады.
Өмірдің зейнетін, яғни қарттық демалысты ерте бастағысы келетіндер зейнетақы капиталын инвестиция арқылы жинауы керек. Мысалы, сіздің жеке инвестицияңызда бағалы қағаздар бар делік. «Егер капиталыңыз жетіп тұрса, онда 50 жаста да зейнетке шыға аласыз» деп ойын түйіндейді сарапшы.
Қазақстанның да өзіндік зейнетақы жүйесі бар. Оны реттейтін мемлекеттік ұйым – «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – Қор). Оның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады. Яғни, қазақстандықтардың да зейнетақысына инвестициялық табыс есептеледі.
«Келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек» деген принципті ұстанатын Қор зейнетақысы жүріп тұрған әр азаматтың қалауына өз қаражатының 50%-ын жеке инвест-компаниялардың басқаруына ұсына алатын мүмкіндікті беріп қойғанына да біршама уақыт өтті.