"Неге кеңесші, неге федерацияның президенті емес?": Мырзағали Айтжановтың орнына келген Еділов жаппай сынның астында қалды

Талай жыл елдегі бокстан сырт қалған Тұрсынғали Еділов болса, бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне келді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Еділовтың ұлттық құрамаға қайтып оралуына қатысты халықтың пікірі қақ жарылды. Біреулер оның келгенін құптаса, енді біреулер құрамаға жастардың келгені қажет деген пікірді айтуда. Аталған оқиғаға қатысты пікір айтқандардың бірі журналист Гүлмира Әбіқай. Ол Тұрсынғали Еділовты федерация президенті етіп сайлау керек екенін атап өтті.

"ӨМІР АЛМА-КЕЗЕК деген осы. Апта бұрын ғана Тұрсынғали Еділов ағамыз жайлы жаппай жазып ек. (Апта бұрынғы #postпарақшамда тұр). Алматы шетіндегі спорт залдың еденін жуып жүрген бір кездегі ұлттық құрама боксшылардың бас жаттықтырушысы еді. Талай аты аңызға айналған чемпионды дайындап, қазақ боксын әлемге паш еткен білікті бапкер неге спортқа керексіз болып қалды? Неге осындай еңбегі сіңген бапкердің тәжірибесін қолданбасқа деп ашынып едік. Ақорда естіпті.
Бүгін боксшыларымызды топырлатып Парижге апарып бос қайтқан бас жаттықтырушы Айтжанов кетіп, Федерацияға Еділов келді. Неге Президенттің кеңесшісі? спорт шебері, бокстан республиканың үш дүркін чемпионы мұндай адамды Президент қылып қойса да артық емес еді!", - деп жазды журналист.