"Халықаралық капитал нарығына шығу мүмкіндігі шектелетіндігіне байланысты банк жүйесінің несиелендіру көлемі айтарлықтай азаяды деген болжамдар расталмады. Жылдың бірінші жартысында несиелендіру көлемі өзгеріссіз қалды, оған заңды тұлғалардың депозиттері көлемінің ұлғаюы септігін тигізді", -деді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, жылдың басынан бері резиденттердің депозиттерінің көлемі 13,8%-ға өсті. "Жекелеген индикаторлардың өсім қарқыны баяулағанына қарамастан, еліміздің қаржы жүйесі тұрақты әрі тиімді екенін көрсетті", - деді министр.
Жылдың басынан бері екінші деңгейлі банктердің балансы бойынша жеке капиталы 5,8%-ға өсті, ал 2008 жылдың мамыр айында банктердің жиынтық активтерінің көлемі 2,1%-ға өсті.
Энергиялық ресурстардың бағасының өсуіне байланысты кейінгі жылдары алғаш рет ағымдағы есептің ( бірінші тоқсанда $3,8 млрд) және төлем балансының оң сальдосы қалыптасты.
Ұлттық қорды қосқанда, еліміздің халықаралық резервтері жылдың бірінші жартысында 21,4%-ға $46,9 млрд дейін, сыртқы сауда айналымы 42,5%-ға, соның ішінде экспорт 60,7%-ға, импорт - 15,5%-ға өсті.