"Немерелерім шетелде оқиды. Олар біздің тірі екенімізді білмейтін де шығар..." - қалтасы қалың ұлдары қарамай қойған кейуана


Бұл оқиғаны белгілі журналист Жәзира Бегалы өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазыпты. Осындай жан тебірентер жазбаны Caravan.kz медиа-порталына жарияламай отыра алмадық. 

Бүгін бір қарияның əңгімесін тыңдап едім. Енді ұйқым қашты. Əженің бір қолында азық-түлікке толы пакет, екінші қолында таяғы. Базар жақтан келеді. Көмектесейін деп едім, қаламады. 81 жаста. Шалы екеуі ғана тұрады. Қалт-құлт етіп, базарға азық-түлікке келеді екен. Үйінің қасындағы дүкенде тауар қымбат дейді. Зейнетақысын үнемдейді. Баяғыда дəу апам бала тумаған көрші əжені "сағыр кемпірдің " сыбағасын апарып беріңдер деп, мал сойғанда ет беріп жіберетін еді. Алматылық əжені көріп, сол кемпірдің есіме түскені. Сөйтсем, қарияның екі ұлы бар, алыста емес осы Алматыда тұрады. Екеуінің отбасы, баспанасы бар, бақуатты тұрады екен. Екеуі де ата-анасын үйіне кіргізбейді, жағдайын сұрап келмейді. Ана ғой, жүзі жабырқап тұр. Ұлдарын сағыныпты. 
- 10 жыл бұрын қонаққа барғанда 3 жастағы немеремнің бетінен сүйген едім. Келінім "баланы сүймеңіз, микроб жұқтырасыз" деп, баж етті. Ұлым үндеген жоқ. Немеремді жұлқып , бетіңді сабындап жуу деп бақырды. Мен аузымды ашып үлгермедім. Шал кеттік деп, екеуміз ұлымның үйінен жау қуғандай шығып кеттік. Содан кейін келіннің жүзін де, немерелерімді де көрмедім. Екінші келіннің де көңіл-күйі Алматының ауа райы сияқты мың құбылады. Ұлдарымның жұмыстан уақыты болмайды. Өздері орталықта биік үйде тұрады. Оларды қатты сағынғанда өзім хабарласамын. Екеуі бақытты болсын. Немерелерім шетелде оқиды. Олар біздің тірі екенімізді білмейтін де шығар. Шал екеуміздің бір аяғымыз көрде ғой, аман болсын, - деп аққұба жүзін əжім торлаған қарт ана ақсаңдап кетіп қалды. 
Сүйікті жарының ата-анасын сыйламаған əйел баласын қалай тəрбиелеп жатыр? Келін кінəлі ме? Ендеше ұлдары неге іздемейді? Əже менің көмектескенімді неге қаламады? Сан сауалға жауап іздеп, үйге қарай асығып кеттім.