Немістің Прюм қаласындағы белгілі католик соборында түркі тілдес халықтар суретшілерінің көрмесі ашылды

ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов атап өткендей, көрме орны жайдан-жай таңдалған жоқ. Франция, Бельгия, Люксембург және Нидерландымен шекараласатын Рейнланд-Пфальц жерінің аудандық орталығы болып табылатын Прюм қаласы Еуропа елдерінің өзгеше бір кіндігі болып табылады. Сонымен қатар көрме өтіп жатқан собор католиктер әлемінде үшінші орынды алатын шіркеу. «Бұл жерге тек қала тұрғындары ғана емес, басқа елден келген адамдар да жиі бас сұғады, сондықтан көрмені халықтың басым бөлігі тамашалай алады», - деді бас хатшы.

Өз кезегінде аймақтық парламенттің депутаты, Прюм қаласы бургомистрінің шетелдіктер ісі жөніндегі кеңесшісі Евгения Страк көрменің мақсаты екі мәдениет, яғни неміс және түркі мәдениеті адамдарын жақындастыру екенін атап өтті.

Көрменің ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Бундестаг депутаттары, жергілікті әкімшілік жетекшілері, дипломатиялық корпустың, қоғамдық ұйымдардың, іскер топтардың өкілдері, журналистер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен келуші қонақтар классикалық әуен, сонымен қатар«Түрксой» ішекті аспаптар квартеті орындаған тамаша қазақ жәні түрік туындыларының ырғағымен түркі суретшілерінің алпыстан астам суреттерін тамашалады. Суретшілер арасында Қазақстаннан барған Қаллиола Ахметжанов пен Марат Бекеев те бар.

Көрме ағымдағы жылдың 14 желтоқсанына дейін жалғасады. Келесі жылы түркі суретшілерінің көрмесін Люксембург, Бельгия мен Австрияда ұймыдастыру көзделіп отыр.