Непалдағы алапат су тасқыны: Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалып кетті

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.

«Алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Қазіргі уақытта азаматшаның қайда екені белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен жұмысты жалғастыруда», – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігіндегі Расува ауданында күшті су тасқыны болды. Табиғи апат Қытайдың шекаралас аудандарына да әсер етті. Стихия салдарынан жолдар, көпірлер және басқа да инфрақұрылым нысандары қирап, бірқатар аудандармен байланыс үзілді.

Апат салдарынан жүздеген турист хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Алайда бұл тізімдер әзірге алдын ала жасалған, себебі билік тізімдегі адамдардың шынымен апат аймағында болған-болмағанын және байланыс мәселелеріне байланысты хабарласа алмай отырғанын анықтап жатыр.

Бұған дейін СІМ су тасқынынан кейін қаза тапқандар, зардап шеккендер және хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары болмағанын хабарлаған еді. Қазақстандық азаматшаның жоғалып кетуі мүмкін екені туралы жаңа ақпарат апат аймағында болған туристер туралы мәліметтердің жаңартылуынан кейін белгілі болды.

Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырып, жоғалған азаматтарды іздестіруге қатысып жатыр.