Ниццада қаза тапқан павлодарлық отбасы жайлы толығырақ белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі олардың достарына сілтеме жасап.
Туыстарының айтуынша, Ниццаға сапарының басында Марина Панченко сәбиі Сильвиямен бірге Павлодарда ата-анасының үйінде екі ай уақыт болыпты. Әйел өз үйіне қайтар кезде шешесі мен әкесін алып кетпекші болады. Марина әкесімен және қызымен бірге Ниццаға 1 шілдеде кетіпті, екі аптадан кейін шешесі Любовь Панченко барыпты.
"Люба Панченко мен оның отбасын 90-жылдардан бері танимын. Бастапқыда клиент, турист ретінде, ал кейін жақсы дос болып кеттік. Өте ұстамды, момын адам. Ешқашан өтірік айтпайтын кісі. Оның қызы Мариша да қайырымды, адал қыз. Сильваның өмірге келуін көп күтті. Бұл отбасы өмірді шын мәнінде жақсы көріп ғұмыр кешті", - дейді қаза болған павлодарлық келіншектің құрбысы Тілектес Мүсенова.
Оның айтуынша, марина отбасында жалғыз бала. Мектеп пен институтты тәмамдағаннан кейін оқуын Францияда жалғастырыпты. Түркияда өмір сүрген, осы елде болашақ күйеуімен танысыпты. Кейін Ниццаға көшіпті.
Келіншек пен оның ата-анасы жыл сайын бір-біріне қонақ болатын. Павлодарда Любовь Панченко мен оның күйеуі Леонидтің өз кәсібі бар. "Люба мен оның балалары дін-аман болса екен деп тіледік. Соңына дейін олар тірі табылады деп үміттендік. Жарқын адамдар еді", - дейді павлодарлықтар. Қаза болған әйелдің артында егде жасқа келіп қалған анасы қалды.
Павлодарлықтар Панченколар әулетінің қазасына қайғырып, көңіл айтып жатыр. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та көңіл айтты. Облыс әкімдігіндегілер қаза болғандардың отбасына қажет болған жағдайда көмек көрсетілетінін айтып отыр.
Ниццадағы теракт кезінде төрт қазақстандық қаза тапқан болатын. Бұл туралы ҚР СІМ Твиттердегі парақшасында хабарлады. "Ниццадағы терактіден Қазақстан азаматшалары Панченко Любовь (1956), Панченко Марина (1983), Панченко Сильвия (2013) және Отто Наталья (1959) қаза тапқанын күйінішпен хабарлаймыз. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туыстарына қажетті көмек көрсетеді", - делінген еді хабарламада.
Tengrinews.kz тілшісі қаза тапқандар жайлы мәліметті анықтады: 32 жастағы Марина Панченко 2,5 жастағы қызымен Ниццада тұрып жатқан. Ол Түркия азаматымен азаматтық некеде тұрған. Әйелдің қаза тапқан шешесі оның әкесімен бірге Ниццаға қонақ болып барған. Теракт болатын күні әйел шешесімен және қызымен жағалауға отшашу көруге барған.
14 шілдеде кешкі уақытта жүк көлігі Бастилияны алу күніне орай отшашуды көруге жағалауға жиналған адамдарды қағып кеткен еді. Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігі тоқтамастан, арлы-берлі жүріп, адамдарды екі шақырым бойында қағып жүрген. Жүк көлігінің жүргізушісі өлтірілді. Ниццадағы шабуылдан кейін арнайы операция жүрді. Оқиға орнынан ІІМ басшысы Бернар Казневтің барғаны айтылды. Франция президенті Франсуа Олланд шабуыл кезінде Авиньонда болған, бірақ ол дереу Парижге оралу туралы шешім қабылдапты. Кейін ҚР СІМ өкілдері теракт кезінде қаза тапқандардың арасындағы қазақстандықтар туралы мәлімет түспегенін хабарлады, алайда бірнеше сағат өткен соң Ниццадағы теракт орнында төрт қазақстандық болғандығы хабарланды. Сонымен қатар, терактінің суреттері мен видеолары пайда болды. Соңғы ақпарат бойынша, террорлық шабуылдан қаза тапқандардың саны 84-ке жеткен және де ауруханада 18 адам ауыр халде жатыр.