Нипах вирусының алдын алу үшін Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтті

Бұл вирус Үндістанда тіркелді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шекарадағы барлық өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды қолға алып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Үндістанның Калькутта қаласына жақын аумақта өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті Нипах вирусының (Nipah virus, NiV) таралу қаупі тіркелді. Аталған жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Себебі бұл індетке қарсы нақты вакцина да, арнайы ем де әлі әзірленбеген. Осыған байланысты Үндістан билігі санитарлық бақылауды қатаңдатып, алдын алу шараларын күшейтіп, шамамен 100 адамды карантинге оқшаулаған.

Министрліктің ресми ақпараты бойынша, Қазақстанда Нипах вирусын жұқтырған адам тіркелген жоқ. Ел ішіне инфекция жұқтырып әкелген фактілер де жоқ. Отандық дәрігерлер қазір елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты дейді.

Дегенмен, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аударылып отыр. Қатты қауіп туғызатын елдердің тізімі жаңартылып отырады деп хабар берген Денсаулық сақтау министрлігі эндемиялық елдерге баруды жоспарлаған азаматтарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Ал сапардан кейін өзін жайсыз сезінгендер дереу дәрігерге қаралып, қай елде болғанын айтуы керек.

Нипах вирусы туралы не белгілі?

Ол адамға жануарлардан жұғуы мүмкін деп айтылады. Көбіне жарқанат пен доңыз арқылы немесе вирус жұқтырып ауырған адаммен тығыз байланыста болған  науқастан беріледі екен. 

Мұнымен ауырған адамның қызуы жоғары болады, бас ауырып, әлсіздік пайда болады деседі. Ауыр жағдайда адамның өкпесі мен жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін. Әйтсе де, қазіргі таңда бұл вирусқа қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ.