«Менімен кездесу үшін уақыт тапқаныңызға рахмет! Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын қорытындылау үшін дәстүр бойынша Жаңа жыл алдында Мәскеуде бас қосамыз», - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың алғашқы жылы қиындықтарға тап болсақ та, ЕАЭО-тың құрылуы дұрыс болғанын және ары қарай алға жылжуымыз керектігін атап өтті.
«Еуразиялық экономикалық одақтың бірінші жылы оңай болмады, дағдарысқа тап болдық. Қандай шығындар болатынын білдік. Сонда да дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, ары қарай жылжу керек», - деп атап өтті Елбасы.
«Барлық елдердің ІЖӨ 30 пайыз деңгейінде қалды, тауарайналым төмендеді, алайда қарым-қатынас, ашық шекара, бірлескен кәсіпорындардың рөлі өте зор. Бұл туралы бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында айтамыз. ҰҚШҰ отырысында сондай-ақ қазіргі қалыптасып отырған сириялық, сонымен қатар түркиялық мәселелерді қарастырамыз», - деп қосты Елбасы.
Өз кезегінде В.Путин қазақстандық лидермен кездескеніне қуанышты екенін білдірді.
«Біздің стратегиялық серіктестігіміз дамып келеді. Біздегі өсімге әсер етіп отырған әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан, кедендік реттеу ережелерін, техникалық және өзге де мәселелерді үйлестіру бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұл оң әсерін тигізбей қоймайды», - деді Ресей Президенті.
Ресей Президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы жүзеге асып жатқан келісімдер болмаған жағдайда екі елдің экономикасына тиген соққы бұдан да қуаттырақ болуы мүмкін екендігін атады.
«Бүгін жүзеге асып жатқан келісімдеріміз болмаған жағдайда, елдеріміздің экономикасына тиетін соққы әлдеқайда қуатты болар еді. Сізбен кездескеніме қуаныштымын», - деді Владимир Путин Н.Назарбаевқа айтқан сөзінде.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Мәскеуде ҰҚШҰ және Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссияның саммиттеріне қатысады.