Н.Нығматулин: тұрғын үй жәрдемақысына қатысты бағдарлама барынша қолжетімді болуы тиіс

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында Үкімет басшысының атына тұрғын үй жәрдемақысына қол жеткізуге қатысты түйткілді сұрақтар бойынша депутаттық сауал жолданды.

Мәжілісмендердің пікірінше, тұрғын үй жәрдемақысын берумен айналысатын бірегей органның жоқтығы жауапкершіліктің босаңсуына, жәрдемақы алуға қатысты белгіленген ереженің орындалу сапасының төмендеуіне жол ашып отыр.

Сонымен қатар, халық қалаулылары Үкімет тұрмысы төмен азаматтарды тұрғынүй жәрдемақысымен кеңінен қамтамасыз етудің барлық шараларын қолға алуы керек, деп есептейді.


Аталған мәселенің өзектілігіне тоқталған Нұрлан Нығматулин: «Ең бастысы тұрғын үй жәрдемақысы қолжетімді болуы керек, ол оның орындалуы жағдайы төмен тұрғындарды кеңінен қамтуы қажет. Ал, әлеуметтік көмектің осы түрін алуға құқылы азамат, тиісті органдар жұмысының жүйесіздігіне тәуелді болмай, ол мүмкіндікті толықтай пайдалануға тиіс» ,- деп атап өтті.