Хабарламаға сүйенсек, Новосібір облысы аумағына Қазақстаннан автокөлікпен 20 тонна бидай ұны жеткізілген. Ұнды Павлодар қаласындағы «Интер тобы» ЖШС жөнелткен.
Фитосанитарлық бақылау барысында инспекторлар өнімнің қауіпсіздігін дәлелдейтін фитосанитарлық сертификаттардың жоқтығын анықтады. Халықаралық карантиндік заңдарға сәйкес, жүкті Ресей аумағына кіргізуге тыйым салынып, өнім жөнелтушіге кері қайтарылды.
Сәуір айының басында Қазақстан мен Ресей өз елдеріндегі сауда желілерінің сөресінен бір-бірінің өнімдерін «алып тастаған» болатын.
Роспотребнадзор Қазақстаннан жеткізілген сүт өнімдерінің сапасыздығын атап көрсетті. Мәскеу облысында Қазақстанда оралған кептірілген жемістер тәркіленді. Тексере келе олардың АҚШ-та шығарылғаны және ол өнімдерге тыйым салынғаны белгілі болды.
Қазақстан да қарап қалған жоқ. Өз кезегінде олар ресейлік өнім өндірушілер шығарған майонездерді, май мен кәмпиттерді сатуға тыйым салды. Мәселен, «Махеевъ Оливковый» майонезі, «Аленка» шоколады, «Рошен» кондитерлік фабрикасының өнімдері, «Яшкино», «Марс» өнімдері сөреден алынды.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мұны Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық соғысы деп те атады.
Кремльдегілер мұны теріске шығарды. «Бұл өсіріп айтылған нәрсе деп ойлаймын. Бірақ қазір болып жатқан жағдай туралы нақты мәліметім жоқ. Қалай болғанда да, мұны сауда-саттық соғысы деген аса дұрыс емес деп ойлаймын», - деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та: «Ешқандай сауда-саттық соғысы жүріп жатқан жоқ», - деп мәлімдеді.