НТК телеарнасы «105» атты жаңа әлеуметтік драмалық телехикая ұсынады

Телехикая атауының өзіндік мәні бар. «105» – бұл мектеп нөмірі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 105-бап, яғни адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізгендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын бап. Жоба бүгінгі қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы буллингке назар аударады. Өкінішке қарай, ол кейде қайғылы жағдайларға да алып келеді.

Телехикаяның идея авторларының бірі әрі сценаристі – Абзал Камбаров көрерменге «Бажа», «Шыда», «Түркістандық сериал», «Қызық times» жобалары арқылы жақсы таныс, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Біз одан жаңа драманың басты тақырыбы неге мектеп ортасы мен буллинг болғанын сұрадық.

— Неліктен дәл мектеп ортасы мен жасөспірімдер арасындағы буллингті таңдадыңыз? Бұл сериал арқылы көрерменге не жеткізгіңіз келеді?

«Мен өзім қарапайым мектепте оқыдым және буллингтің әр сыныпта дерлік кездесетінін көрдім. Бірақ ол туралы ашық айтуға ешкімнің батылы жетпейтін. Біз мектепті таңдадық, өйткені дәл сол ортада адамның мінезі қалыптасады, сол жерде алғаш рет әділетсіздік пен жалғыздық сезімі пайда болады. Сериалда біз жасөспірімдердің қаталдығын ғана емес, сонымен бірге жүйенің – мұғалімдердің, ата-аналардың, сыныптастардың – жиі көз жұматындығын да көрсетеміз. Біз көрерменің үнсіздік сені де проблемаға ортақ етеді, ал ашық әңгіме мен қолдау біреудің өмірін сақтап қала алатынын түсінсін дейміз».

— Сценарийді жазуда ең қиыны не болды: буллингті шынайы жеткізу ме, әлде осындай ауыр тақырыптың ішінде үміт табу ма?

 «Ең қиыны – тепе-теңдікті сақтау. Біз оқиғаны қорқынышты хикаяға айналдырғымыз келген жоқ, бірақ бұрыштарын жұмсартуды да ойлаған жоқпыз. телехикаяда бейнеленген буллинг қазақстандық мектептерде шын мәнінде болып жатқан жағдайларға негізделген. Дегенмен біз үшін бастысы – көрерменге үміт беру. Ең қараңғы сәттің өзінде шығатын жол бар, көмек қолын созатын адамдар бар екенін көрсету маңызды. Әр оқиға желісінің соңында біз үміт сәулесін қалдыруға тырыстық, көрерменнің бойында түңілу емес, керісінше ой мен сенім қалуы үшін».

Бас кейіпкер – Аслан, қарапайым отбасынан шыққан бала. Әкесі ұлының жақсы білім алуы үшін өмір бойы тынымсыз еңбек етіп, оны беделді жеке мектепке орналастырады. Бірақ отбасының асыраушысы кенеттен қайтыс болғаннан кейін олардың өмірі түбегейлі өзгереді. Анасы жалғыз өзі қарыздар мен қиындықтарға тап болып, Аслан амалсыздан қарапайым №105 мектепке ауысады. Алғашқы күннен-ақ ол мектептегі жасырын «жүйемен» бетпе-бет келеді. Оның басында – оқушылар арасындағы бейресми лидер Азамат. Бұл жерде өз заңдылықтары бар: құрметті тек күшпен алуға болады, ал әлсіздер келеке-мазақтың нысанына айналады.

Аслан бастапқыда көзге түспей, үндемей жүруге тырысқанымен, уақыт өте келе үнсіздік оны да кінәлі ететінін түсінеді. Ол «жүйенің» сыныптастарды қалай сындыратынын, оларды не құрбан, не агрессорға айналдыратынын көреді. Оның өмірінде жаңа достар мен алғашқы махаббат пайда болады – ол мектеп иерархиясының көшбасшыларының бірінің қарындасы. Дәл осы қарым-қатынас оны одан әрі осал етеді. Сезон бойы Аслан күрделі жолдан өтеді: қорқақ әрі тұйық жасөспірімнен өзін де, өзгелерді де қорғауға дайын тұлғаға айналады.

Асланның бейнесін сомдау актер Шоқан Чупанбаевқа оңайға соққан жоқ. Көрермен оны бұған дейін табысты шыққан «Omir» жобасы арқылы біледі. Алайда жаңа телехикаядағы рөл оған бұрынғыдан да күрделі сезімдерді бастан кешіртеді. «Менің өмірімде, Аллаға шүкір, жақындарымнан айырылған ауыр жағдай болмады. Ал менің кейіпкерім дәл сондай ауыр қайғыны бастанөткереді. Бұл эмоцияны шынайы жеткізу үшін ішкі тірек іздеуге тура келді», – дейді актер. Шоқан Чупанбаев бұл рөл оның сөздің күші туралы көзқарасын да өзгертті: «Кейде біз ойланбаймыз, бірақ тіпті бейкүнә көрінген қалжың да адамды терең жаралауы мүмкін. Ол сыр бермей, ішінен күйзеледі, ал уақыт өте келе ол ауыр салдарға әкелуі ықтимал. Қарапайым сөз біреудің тағдырын өзгертеді».

«105» – бұл тек бір жасөспірімнің оқиғасы емес. Бұл – қоғам айнасы. Сериал ересектердің бейқамдығы мен мектептегі жүйенің қаталдығын ашады, сондай-ақ буллинг пен қысымның адамның тағдырына қалай әсер ететінін көрсетеді. Жоба авторлары көпке маңызды сұрақ қояды: қорқынышқа негізделген жүйені өзгерту мүмкін бе? Ал үнсіздіктің астарында не жатыр – қауіпсіздік пе, әлде кінәлілік пе?

«105» драмалық сериалының премьерасы 13 қазан күні өтеді.

Жоба 10 бөлімнен тұрады және көрерменге қазақ тілінде жол тартады.

Сериал НТК телеарнасының бастамасымен, Bas Pro кинокомпаниясының продюсерлігімен және Қазақстан Республикасының Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен түсірілген.

Автор: Caravan.kz