"Nur Kapital". 1%-бен несие беретін бағдарлама іске қосылды

1%-бен несие беретін "NurKapital" бағдарламасы Маңғыстау өңірінде таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі — шағын несиені кеңейту. Мемлекет басшысы бұл бастаманың мыңдаған адамға өз бизнесін ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Маңғыстау облысында Елбасы тапсырмаларын іске асыру және қолдау мақсатында шағын және орта бизнес несиелерін жылына 1% —бен беретін "Nur Kapital" бағдарламасы іске қосылды. Бұл жобаны мемлекет басшысы қолдап, мақұлдаған. 

"Біз халықтың қоғамдық сана-сезімін жаңғырту үшін шағын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай туғызу міндетін қойдық. Қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен (400 млн. теңге), "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ның Жаңаөзен өңірлік филиалымен (400 млн. теңге) және "ForteBank" АҚ (322 млн. теңге), "Сбербанк России" АҚ ЕБ (150 млн. теңге) келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, осы бағдарламаға қатысу үшін "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Атамекен Микрофинанс" ЖШС өтінімдерін берді",- деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

"NurKapital" бағдарламасына қатысқысы келетін барлық кәсіпкер қажетті құжаттарды дайындау және жинаумен айналысатын Жаңаөзен қаласындағы және облыстағы бизнес-бөлімшелерге өз өтінімдерімен жүгіне алады. Сондай-ақ, кәсіпкер барлық қажетті құжатты екінші деңгейлі банктерге тапсырып, мақұлданған соң банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді. Аймақтық үйлестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды қарастырады.

"Қазіргі таңда облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктерінде 2 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпкерлер тарапынан 192 өтінім келіп түсті. Олардың 35% —ы мал шаруашылығы секторында,өңдеу, жеңіл өнеркәсіп — 22%, туризм — 16%, көлік және қойма — 8%, өсімдік шаруашылығы — 5%, денсаулық сақтау — 5%, қызмет көрсету — 3%, білім беру — 3%, тамақтану қызметтері — 1%, көтерме және бөлшек сауда — 1%, инвестициялар — 0,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс — 0,1%", — деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.


Ұқсас тақырыптар:

7 пайыздық жаңа ипотеканың механизмі қашан дайын болатыны айтылды

Мемлекет басшысы шағын несие беруді көбейтуді тапсырды