«Нұр Отан» Бақыт Сыздықовадан қарызын өндіріп алды


Шолпан Нүсіпова, Астана қалалық ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

-Алдын-ала хабарлама жіберілгеніне қарамастан жауап беруші сотқа келген жоқ. Сондықтан істі сырттай қарадық. Соттың шешімі бойынша, Сыздықова жетекшілік ететін «Қазақстанның болашағы үшін» бірлестігі «Нұр Отан» партиясына 7 миллион теңгені қайтарсын. Салыққа кеткен шығын 210 мың теңгені төлеуге де, міндеттеледі.

Осылайша процесс бүгін басталып, бірнеше сағаттың ішінде аяқталды. Ал Бақыт Сыздықова сотты үйінен бақылап отырғанға ұқсайды. Әлеуметтік желілер арқылы мені сотқа ешкім «шақырмады» деп даурықты. Сондай-ақ, Сыздықова «Нұр Отанды» әлі қимай жүрген сияқты. Твиттердегі жеке парақшасына қатарынан әлдеқашан қуылған партияның мүшесі екенін жазып қойған. Ал, партиядан 5 жыл бұрын алған 7 миллион теңгені сауық-сайранды ұнататын экс-депутат КВН ойындарына салып жіберген. Сөйтіп Қазақстан атын шығардым дейді. Сондықтан қарызды мүлдем сызып тастауды талап етіп отыр. Бұл оның қаржыға қатысты алғашқы былығы емес. Айта кетсек, Сыздықова ұлттық паралимпиада комитетіне де, 30 миллион теңге берешек  деген ақпарат бар.