«Нұр Отан» ХДП «Нұрлы болашақ жолында» доктринасының жобасы бірауыздан мақұлданды

«Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа саяси бағытын жүзеге асыру жағдайында ұзақ мерзімді перспективада партияның негізгі басымдықтарын, іргелі құндылықтарын, базалық ұстанымдарын жіті айқындайтын құжат қажет. Мұндай құжат бар - ол «Нұр Отан» партиясының «Нұрлы болашақ жолында» атты жаңа саяси доктринасы», - деді «Нұр Отан» ХДП астаналық филиалының «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары Әлия Қайшарова Астанада өткен кезектен тыс конференция делегаттары мен қатысушыларына қарата айтқан сөзінде.

Оның айтуынша, Қазақстанда осы кезге дейін бірде-бір партия еліміз дамуының стратегиясына сәйкес келетін осындай доктринаны ұсына алмады. «Доктрина еліміз дамуының жаңа көкжиектерін ашады және партияның құндылықтар бағдары мен идеялық-танымдық көзқарастарының пішінін айқындайды. Онда «Нұр Отан» партиясы еліміздің әрбір азаматының берік әлеуметтік кепілдіктерімен экономикалық жағынан гүлденіп отырған мемлекеттің бұлжымас бағытын мәлімдейді», - деді Ә.Қайшарова.

Оның пікірінше, жаңа доктринаны қабылдау елдің жаңа серпінді даму имиджін қалыптастыруға жәрдемдеседі.


Атап өтейік, «Нұр Отан» партиясының бірінші доктринасы 2001 жылғы 20 сәуірде «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асырудағы партияның рөлін айқындау үшін бекітілген болатын, «Бірлік» мүшелерінің пайымдауынша, бұл міндет орындалды.

«Бірлік» филиалының Х конференциясы ағымдағы жылғы 18 қазанда болатын «Нұр Отан» ХДП-ның алдағы кезектен тыс XV съезі ауқымында өтті.

«Нұр Отан» ХДП «Нұрлы болашақ жолында» доктринасы ҚР-ның тәуелсіздігі жылдарында қалыптасқан қазақстандық қоғамның базалық құндылықтары мен мұраттарын - еркіндікті, қоғамдық келісімді, әділеттілікті, заңның үстемдігін, отбасы мен дәстүрлерді, болашаққа деген ұмтылысты бекіте түсуі тиіс.

Доктрина «Қазақстан-2050» Стратегиясын қолдаудың жалпы ұлттық жобасы ретінде қарастырылуда.