«Нұр Отан» партиясынан шығарылған экс-депутат Бақыт Сыздықова президент Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрады.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осы мәселенің әділетті түрде шешілуіне көмектесуіңізді сұраймын», - делінген үндеу хатта. Бейсенбі күні журналистерді үшбу хатпен Б.Сыздықованың өзі таныстырды.
Бұрын хабарланғандай, Б.Сыздықова партияға қарызын қайтармағаны үшін «Нұр Отаннан» шығарылған болатын. Партия 2008 жылдың 12-қарашасында Б.Сыздықованың «Қазақстанның болашағы үшін» атты қозғалысына қаржылай көмек ретінде 7 млн теңге бөлген. Келісімшарт бойынша экс-депутат қаржыны 2009 жылдың 1-қаңтарына дейін қайтаруы тиіс болатын. Ал, дер кезінде қайтармаған жағдайда әр күн үшін қарыздың 0,1%-ы көлемінде өсімақы төлеуі тиіс. Сондықтан қазір оның қарызы 15 млн теңгеге жуықтаған көрінеді.
Ал, Б.Сыздықованың айтуынша, «Нұр Отаннан» алынған қаржы мақсатқа сай жұмсалған. Атап айтқанда, КВН командасының Мәскеудегі ойындарға барып-қайтуына кеткен және оны дәлелдейтін құжаттар да бар көрінеді.
«Біз 2008 жылы алынған қаржыны демеушілер мен концерттерді ұйымдастырушылардан түскен көмек арқылы қайтарамыз деп ойладық. Алайда, уақыт тығыз болғандықтан ақша жинауға мүмкіндік болмады. Өйткені, жоғарғы лига финалы 2008 жылдың 18-желтоқсанында өтті», - делінген хатта.
Айтуынша, Б.Сыздықова «партиядан бірнеше рет бұл қарызды «демеушілік көмек» ретінде кешіруді де өтінген.
Сонымен қатар, ол «Нұр Отан» партиясынан шығаруға түрткі болды делінген фактілердің ешбір негізі жоқ» деген пікірде.
«Мен 2012 жылдың желтоқсанынан мамыр айына дейін мүшелік жарнаны төлемегенімді мойындаймын. Өйткені, мен ол уақытта жұмыссыз едім. Заң бойынша мүшелік жарна төлеуден босатылдым», - делінген үндеуде.
Сондай-ақ, хатта Б.Сыздықова партияның саяси кеңесі мүшелерінен оны «Нұр Отан» қатарына қайта қабылдау мәселесін қарауды өтініпті.