Нұрболхан Шарапов Светқали Нұржанға: “Селкілдеген зікірші болғыңыз келсе, өзгеге жала жаппай ақ бола беріңіз”


Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Зiкiршi Светқали! (Бишiлер)
Кеше Мұхамеджан Тазабековтың постын көзiм шалды. Содан Мұхамеджан Тазабеков пен Мұфтиятқа қарасты медреселерді адасқандарға балап, ҚМДБ-ыға қырың қарап отырған Светқали Нұржановтың кім екенін білейін деп интернетті ашып қалсам қызық мен үшін енді басталғандай болды. Сөйтсем, Светекең дін өкілдеріне тепсіне сөйлейтіндей түсінікте жүрген көкем екен.

Естеріңізде болса, 2000 жылдары суфисттер (зікіршілер) “Қазақстан” телеарнасын жаулап, “Яссауи” тобын құрып, танымал зиялы өкілдерін өздеріне қосып алып дүрілдеген еді ғой. Пірлері Исматулла Мақсұм деген Ауғанстаннан келген кісі болатын. Елге құрылтайға келiп, билiктiң сенiмiне ие болып медресе ашып, кейiн сол медреседе қазақтың жас балаларын ұрып-соғып басқа ағымның жетегiне еру үшiн бiлгендерiн iстеген. Оны заңға тартпақ болып сотқа алдырарда сытылып қашып кеткен. Оны құзырлы органдар соттап, оған ерген мүриттері талан-таражға түскен еді. Сөйте тұра Қазақстан азаматтығын қалай алғанына таңым бар. (Әлi күнге дейiн жұмбақ.)

Соңғы кезде бұлар әр жерден үн шығарып қоятын бопты. Пірлері түрмеден босап біз бармыз дегендей. Жаңа Қазақстанға керекпіз дегендей. Жаңа Қазақстанның сценариінде сектанттар жоқ деп ойлаймын. Егер де бұларды біреу қорғап, яғни прикрывать етем десе, армандамасын. Халық бәрiн саралап, бақылап отыр. Қазiр бiрдеңе жасырып қалатын заман емес. Әлеуметтiк желi дамыған. Сондықтан, мындайға қауым ретiнде жол бермеймiз.

Бiзге Пайғамбарымыздың (с.а.у) жолы, ӘбуХанифаның мектебі жеткілікті. Светқали мырза, ел сыйлаған имамдарымыз бен ел танитын тұлғаларға тіл тигізіп, қаншама шәкірт тәрбиелеген Сарыағаш медресесіне жала жауып жақсы адам атанамын деп ойламаңыз. "Дейді, дейді" деген сөздеріңіз ертегі айтуға да жарамайды. Бұл сөздеріңізбен миллиондаған жау тауып отырсыз. Қазақстанның бүкіл жамағатын өзіңізге қарсы қойдыңыз. Суфист, селкілдеген зікірші болғыңыз келсе, өзгеге жала жаппай-ақ бола беріңіз! Өзіңізбен өзіңіз болыңыз! Қоғамды уламаңыз! Кезінде “Қазақстан” телеарнасы арқылы лаңдатқандарыңыз жетеді. Қазiр ешкiм ақымақ емес.

Достар, зiкiр айту бөлек, билеп зiкiр салу бөлек. Әңгiме екiншiсi жайында боп жатыр", - деп жазды Нұрболхан Шарапов.