Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
Бұл мәліметті QAZAQSTAN телерадиокорпорациясы басқармасының төрағасы Ерлан Қарин растады.
"Бірінші наурыздан бастап бастау алатын бағдарламаның жаңа маусымына дайындалып жатырмыз. Жаңартылған түрде, жаңа форматта болады. "Түнгі студия"-ның келесі маусымының жүргізушісі де ауысты. Бұл ешқандай тығырықтан шығу емес. Нұрлан Қоянбаев өз творчествалық шығармашылығымен айналысуды жөн көрді. Біз бұл жайында 2017 жылдың ортасында сөйлестік - Нұрлан өзі телеарнадан біраз уақыт кеткісі келетінін айтқан. Сол кезде 2017 жылдың соңына дейін бағдарламаны тәмәмдайтын болды. Менің оған алғысым шексіз. Енді бағдарлама өзгертілген, жаңартылған түрде шығады", деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол "Түнгі студияда" бағдарламасының жүргізушісі кім болатыны жақын арада мәлім болатынын айтты.
Телерадиокорпорация төрағасының айтуынша, Нұрлан Қоянбаев "Түнгі студия" жобасынан және QAZAQSTAN телеарнасы бас продюсері қызметінен қаңтар айында кетті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұрлан Қоянбаев шетелде жүр. Сондықтан Tengrinews.kz тілшісіне жобадан кетуіне байланысты пікір білдірмеді.