Нұрлыбек Нәлібаев East Hope Group өкілдерімен кездесу өткізді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Қазақстанда өндірістік және энергетикалық нысандарды құруды көздейтін алюминий саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.  

Атап айтқанда, компания Қостанай облысында жалпы құны $10 млрд-тан асатын өндірістік кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба бокситтерді өңдейтін тау-кен байыту комбинатын, алюминий өндіретін электролиз зауытын және жел электр станциясын салуды қамтиды.

Тараптар жобаны пысықтаудың ағымдағы мәртебесін, сондай-ақ шикізат базасымен, энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен одан әрі өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің жобаны іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін растады.  

Анықтама: East Hope Group әлемдегі ең ірі электролиттік алюминий, глинозем және поликремний өндірушілердің қатарына кіреді. 2010 жылдан бастап компания Қытайда электролиттік алюминий, өнеркәсіптік кремний және поликремний өндірісін, сондай-ақ қуаттылығы 4,2 ГВт болатын автономды электр станциясын қамтитын біріктірілген өнеркәсіптік паркті құруға шамамен $10 млрд инвестициялады. Жоба аясында 10,7 мың тікелей және 30 мыңнан астам жанама жұмыс орны құрылды.