Ол Заманбек Нұрқаділов қайтыс болар күні өзіне телефон соққанын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
- Ол қайтыс болатын күні маған телефон шалды. Заманбек Нұрқаділовтің маған деген құрметі ерекше болды, аға-іні болып араластық. Маған кейбір құпияларын айтатын. Бірде Зәкең үйіне шақырып: «Қалдыбек, сен бір кітап шығарып бере аласың ба?» деді. Қаржысы жақсы, 50 мың тираж. Өзіме 20 мың доллар қалады. Бірақ тәуекелге бару керек болды, саяси кітап. Кітаптың ішінде үлкен айыптаулар бар. Кітапты шығаратын болдым. Үйіме барып кітапты қарадым, шашым тікірейіп кетті. Сұмдық, кәдімгі бомба. Бірнеше адамдар ату жазасына кетіп қалуы мүмкін. Бір аптада бітіріп бардым. Кітап туралы ұсыныстарымды айтып болып едім: «әй, Қалдыбек, сенен осыны күтіп едім» деді. Риза болды. Мен ақшаны алуға келіп отырмын, баспа дайын тұр. Содан Зәкең «Қалдыбек, саған бір нәрсе айтамын, ренжімейсің бе?» деді. Ренжімейтіндей қылып айтыңыз дедім. Бұл кітапты шығармауымды сұрады. Сенбегеніңіз бе, аяғаныңыз ба дедім. «Мына кітапты шығарарсың. Бірақ тірі қалу-қалмауың екіталай. Сен өнерге керек екенсің, мына лас тірлікке сені араластырғым келмейді» деді. Конверт ұсынып, сөзінде тұрғысы келетінін айтты және кітапты ұмыт деді, – деп еске алды Қалдыбек Құрманәлі Talklike бағдарламасында.