Атап айтсақ, М.Жүнісова өз үйінен тыңшылық құралдарын тауып алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 22-қарашада оның үйіне Алматы қалалық ішкі істер департаментінің шұғыл тергеу тобының қызметкерлері Арманғали Садбаев пен Талғат Оспанов көмекшілерімен бірге келіп, үй ішіне қосымша тексерулер жүргізген. Ертеңінде үй тазалап жүрген Жүнісованың туыстары залдағы тамақ ішетін үстел мен асханадағы шкафтың үстінен екі тыңшы құралын тауып алған. "Тыңшылық құралдарын соның алдында ғана орнатып кеткенге ұқсайды",- деді М.Жүнісова.
"Халық арасында "жучок" деп аталатын тыңшы құралдарын орнату ақпарат жинаудың заңсыз тәсілі",- деп мәлімдеді жесірдің адвокаты.
Сонымен бірге М.Жүнісованың пайымдауынша, полиция оның баласын бағушы Майгүл Сатыбалдиеваға тікелей және моральдық қысым көрсетуде. "Одан мені арандататын жауап алмақшы",- деді М.Жүнісова. Полициядағы сұрақтан кейін қызды "машинаға алдап мінгізіп, белгісіз жаққа алып кетті", деп мәлімдеді М.Жүнісова. Жесірдің айтуынша, артынан белгілі болғанындай, М.Сатыбалдиева Нұрқаділовтың туыстарының үйінде болып шыққан. "Оның тіпті заттарын алуға да жібермей, өзіммен телефон арқылы хабарласуға да тыйым салған",- деді М.Жүнісова.
Әнші сонымен бірге ІІМ-нің кейінгі кездері оның отбасында ұрыс-керіс көбейген деген уәжімен де келісе алмайтынын мәлімдеді. "Біз бақытты отбасын құрдық. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдыры болмай тұра ма.. Бірақ адамды өзін-өзі өлтіруге итермелейтіндей жағдай ушыққан емес",- деп мәлімдеді М.Жүнісова.