Нұрсұлтан Назарбаев: АЭФ 10 жылда ашық пікірталастың маңызды халықаралық алаңына айналды

Астана экономикалық форумы он жылда ашық пікірталасқа арналған маңызды халықаралық алаң ретінде танылды. Бұл туралы бүгін Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана экономикалық форумының оныншы мерейтойлық жиынына баршаңыз қош келдіңіздер! Форумның тақырыбы - «Жаңа энергия, жаңа экономика». Ол ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуымен үндес болып отыр. ЭКСПО-2017 көрмесінде болашақ энергиясына арналған «әлемнің үздік ғылыми инженерлік жетістіктерін көруге болады. Жүзден астам ел мен халықаралық ұйымдар, сонымен қатар ірі корпорациялар өздерінің энергетика саласындағы ең озық тәжірибелері мен білімдерін алып келетін болады. Астана экономикалық форумы он жылда ашық пікірталасқа арналған маңызды халықаралық алаң ретінде танылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы биылғы форумға Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық ұйымдар мен банктердің басшылары, саяси қайраткерлер, ірі бизнес өкілдері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысып отырғандығын атап өтті. Біз Астана экономикалық форумының мерейтойлық отырысын айрықша тарихи кезеңде өткізіп отырмыз. Бір апта бұрын Астана қаласында ШЫҰ саммиті өтті. ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның қосылуы нәтижесінде өзіндік нарығы үш миллиард адамды құрайтын жаһандық ойыншы құрылды. Бұған қоса, қазіргі уақытта Жібек жолы бағдарламасының жандануы жаңа экономикалық субөңірді қалыптастыруда. БҰҰ Бас хатшысы «ШЫҰ бүгінгі әлемдік тәртіптің басты өзегі болып саналады» деп атап өткен болатын», - деді ҚР Президенті.