Нұрсұлтан Назарбаев бақыттың не екенін түсіндіріп берді

Мерекелік думан басталмас бұрын өнерлі топтар биін, екіншісі киімін, ал соңғы әзірлікке берілген санаулы минуттарды қыздар жағы   ұтымды пайдаланып боянып үлгеріп жатыр. Бас қаладағы басты алаңға ағылған халықтың қарасы қалың. Елбасы да өзін көп күттірген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев төрдегі орынға жайғасқан соң бірлік тойы басталып кетті. Ашық аспан астында би биленіп, ән шырқалды.

-Сарыарқадай даласы бар,

Астанадай қаламыз бар....

Күннің шуағы молынан төгілген күні шырқалған ән мен би де, сахналық қойылым да тек татулықты  дәріптеді. Ресми салтанатты тамашалап болған соң Нұрсұлтан Назарбаев этномәдени бірлестіктер тіккен шағын ауылды асықпай аралады.Президент сан ұлттың сусынынан дәм тәтті, қосылып ән салды, би биледі.

Нұрсұлтан Назарбаев ішкі тұрақтылық өрлеу мен берекеге  апаратын жалғыз жол екенін айтты. Жұртты 1-ші мамырмен құттықтаған президент  бақыттың кілті не себепті бірлікте дегенін ашып түсіндіріп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының президенті:

-Бірлік деген ұлы сөз. Бұл сөздің мағынасына түсінбесең ештеңені түсінбейсің. Егер де отбасында бірлік болмаса, онда отбасы ажырасып шаңырақ бүлінеді. Зауыт, фабрика, компанияның ортасында бірлік болмаса, ол банкрот болып құриды. Егерде мемлекет ішінде бірлік болмаса, әр өңір әр жаққа тартатын болса, онда мемлекет құрдымға кетеді. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу қазақ халқының бірлігінде болып табылады. Енді көп этносты болып отырғаннан кейін халықты ұйымдастырып бірлікте болайық.

Осы бірлік деген ұлы сөзді естіген еліміздегі украиндардың жүрегі елжіреп кетті. Себебі тарихи отандарындағы тұрақсыздыққа іштей күйінеді. Мерекені көппен бірге тойлаған олар Украин билігі татулықты көздің қарашағындай сақтауды Қазақстаннан үйренсе екен дейді.

Николай Ницерюк, Украина ұлттық мәдени орталығы:

- Қақтығыстың қашанға дейін созылатынын білмеймін. Сондағы адамдарды аяймын. Өзім Украинмын. Қазақ жеріне 1962 жылы келіп осында тұрып жатырмын. Жағдайым жақсы. Украина  Қазақстаннан үлгі алу керек.  

Ұлттық киімдерін киіп көшеге шыққан үлкен де, кіші де бір үйдің баласындай. Тігілген этноауылдарды аралап бір-біріне қонақ болды.

-Бұл Достық ауылы. Бұл жерде татар, орыс, белорус, украин, әзірбайжан, шешен, башқұрт сияқты ұлттың бәрі бар. Тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір. Бүгін олардың барлығы ән айтып, бірге би биледі. Ал Астанадағы думандар 3 күнге созылады. Мереке, құтты болсын.