Нұрсұлтан Назарбаев генералдарға белдегi белдiкті кеңейте бермеуге кеңес берді

Ақордаға имене аяқ басқан шенді әскерилер тұңғыш рет ант қабылдағалы тұрған жас сарбаздар секілді. Жалтыраған бәтеңкелері секілді әзірліктерінде мін жоқ. Бірақ барлығынан маза кетіп толқып тұр. Соңғы дайындықтарын Үкімет басшысы бастаған бір топ шенеуніктер де пысықтап жатыр. Осыған дейін алдыңғы қатардан көрінетін экс-премьер, қазіргі Қорғаныс министрі Серік Ахметовке орын шеттен бұйырған. Президент протоколының тәртібі солай. Ал өзін көп күттірмеген қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы бірден марапаттау рәсіміне көшті.

-Қазақстан Республикасына қызмет етемін.

Мемлекеттік награда бүгін ерлердің арасынан жалғыз полковник әйел Раушан Жамбыловаға бұйырды. Қауіпті қылмыскерді құрықтап 23 жасында мерейі өскендердің қатарында Жандос Баянбаев та бар. Жалпы мұндай құрметке биыл Қорғаныс, Ұлттық қауіпсіздік пен құқық қорғау органдарында батыл қадамдарымен көзге түскен 20 азамат ие болды. Олардың ерліктеріне енді кеуделеріне тағылған «Даңқ», «Айбын», «Ерлігі үшін» ордендері дәлел болмақ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Тек қана марапат үшін қызмет істемейтіндеріңізді білеміз. Дегенмен елге істеген еңбектеріңіз,жануы керек.Сіздер елдің тәуелсіздігін азаматтардың тыныштығын қорғап жүрсіздер. Біз өздеріңізге қарап Қазақстанның болашағына сенеміз

Бұдан бөлек президент кәсібіне адал, ісіне мығым 18 әскеридің де  шенін жоғарылатты. Сөйтіп қарулы күштер мен құқық қорғау органдарының  қатары су жаңа генералдармен толығып шыға келді. Жұлдызы жарқырағандардың ішінде ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбіш те бар.


-Қазақстан Республикасына қызмет етемін.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев погон таққандарға қарын шығарып, шектен тыс семірмеуге кеңес берді. Тіпті офицердің сырт келбеті қандай болуы керектігін де айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сырт келбеттерiңiзбен де, үлгi болуға тиiссіздер. Офицер ер азаматтар сырт келбетiн сақтауы керек. Белдегi белдiк кеңейе бермесін. Сонда әскери форма оларға құйып қойғандай жарасатын болады. Осылай болғаныдұрыс.

«Белдіктерің кеңейе бермесін» сөзді саналарына құйып алғандар кейін  Жоғарғы Бас қолбасшымен бірігіп суретке түсті. Мереке үшін бокал да түйістірді.

-Бірақ, Қарулы Күштердің сыналар шағы ертең. 7-ші мамыр күні дәл осы «Қазақ елі» монументі алаңында Қазақстан күллі әлемге әскери әлеуетін паш етеді. Қазір оған соңғы дайындық жүріп жатыр.  Бұрын-соңды болмаған  шеруге қолда бар  техника  түгел қатыстырылмақ.