Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кеңейтілген құрамда кездескен елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Бұл биылдың өзінде, қос мемлекет басшысының екінші рет басқосуы. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде, Иранның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып құттықтаған мұсылман ел екенін атап өтіп, оны ешқашан ұмытпайтынын алға тартты. Сондай-ақ, Хасан Руханидің ядролық мәселелерді шешуге бағытында атқарған еңбегін жоғары бағалады. Жалпы Иранда экономикалық бұғаулар алынған бір жылдың ішінде, қаржылық әлеуетін жақсартып алды. Соның арқасында, сәуір айында еліміз осы мемлекетпен жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойды.
- Біз үшін сіз жүргізіп отырған саясат бүкіл Каспий төңірегіндегі елдер үшін пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Біз биылғы жылдың сәуір айында Тегеранда өткізген келіссөздерімізді, бүгінгі келуіңіз жалғасады деп санаймын. Өте көп пайдалы болады деп санаймын. Сол мен жасаған сапардан кейінгі нәтиже шеңберінде жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын келісімге қол қойылған. Сапарыңызға оң болсын деп тілеймін. Сіздің делегацияның Қазақстандағы сапарыңызда қойылған барлық мәселелерді шешуге дайынбыз, деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Хасан Рухани де Қазақстан-Иран қарым-қатынасына тұсау болған кейбір кедергілердің жойылатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, арадағы достық байланысты жан-жақты жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті. Оған қоса, Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран мен "үлкен алтылық" арасындағы ядролық келісімге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
- Бейбіт атом саласындағы Иран мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық үшін сізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіз әр уақытта халықаралық аренада, ұйымдарда және өңірлік деңгейде Иранға қолдау білдіріп келесіз. Біздің қарым-қатынасымыздың дамуына бөгет болатын кейбір кедергілердің жойылатындығына сенім артамыз, деді Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани.