Қ. Бозымбаев президентті жаңадан жасалған "Самұрық" холдингінің 2015 жылға дейінгі даму стратегиясымен таныстырды. "Жаңа стратегияға сәйкес "Самұрық" әкімшілік холдингтен басқарушы холдингке айналуы керек. Оның басты функциясы - еншілес компанияларының жаңа құнын жасап шығару болмақ", - деді тілшілерге арналған брифингте Қ. Бозымбаев.
Бұл құжатта мемлекеттік холдинг қызметінің екі басты бағытына назар аударылған. Оның біріншісі - тиімді инвестициялық портфель қалыптастыру және екіншісі - холдинг қызметін оңтайландыру және тиімділігін арттыру.
"Президент негізінен компания стратегиясының басты элементтерін қолдады. Енді біз осы стратегияны талқылау және шешім қабылдау үшін үкіметпен жұмыс істейтін боламыз", - деп хабарлады Қ. Бозымбаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовты қабылдады. Ол Елорданың халықаралық тұсаукесірінің 10 жылдығын өткізу концепциясымен таныстырды.
И. Тасмағамбетов атап өткендей, президент алдағы мерейтой концепциясын мақұлдаған.