Нұрсұлтан Назарбаев Шимон Переспен телефон арқылы әңгімелесті

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме барысында мемлекет басшылары түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы мен оны дамытудың келешегін талқылаған. Атап айтқанда, тараптар парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдіріп, технологиялар мен инновациялар саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілік танытты.

Президент Шимон Перес Нұрсұлтан Назарбаевтың Азия өңіріндегі рөлін атап көрсетті және Израильдің еліміздің экономикалық табыстарын жіті бақылап отыратынын, сондай-ақ Қазақстандағы толеранттылық пен ұлтаралық келісім саясатын жоғары бағалайтынын атап өтті.

Баспасөз қызметінің хабарламасында атап көрсетілгендей, Н. Назарбаев Таяу Шығыстағы ахуалдың бейбіт жолмен шешілетіндігіне үміт білдіріп, Ш. Пересті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.