Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
"Мұхтар Әуезовтің "Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білім" деген сөзі бар. Біз мәңгілік ел болуға ұмтылған, өрлеуді, көркеюді мақсат еткен халықпыз. Біз өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Кейде анау тарихқа, "Томирис қазақ екен", "Шыңғысхан қазақ екен" дегенде менің ішім ауырады. Біздің басқа айтатын сөзіміз жоқ па? Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді. Тони Блэрдың өзінің парламентінде айтқан сөзі бар еді "Ұлыбританияның ұлы тарихы бар. Бірақ біз музейлерде өмір сүрмейміз ғой, адамдарды компьютер алдына отырғызуымыз керек" деген. Сол сияқты мына біз де ойлануымыз керек. Сіздерден, зиялы қауым, білімді, дуалы ауызды адамдардан шығатын сөздер болуы керек. Болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан "жаңа жағдайда Қазақстанның болашақ ұрпағы қандай болуы керек деген сұрақ болуы керек" деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Біз ұлы дала төсінде ұлы мемлекет құрған аға буынбыз осы отырған. Мен де сіздердің қатарларыңызға кірдім, құдай бұйыртса. Бізге осы киелі жетістіктерімізді ертең баянды ететін, отанымыздың асқақ болмысын еселей түсетін зерек те, зиялы ұрпақ керек", - деді Назарбаев.