Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі, сессия модераторы Ержан Қазыхан ҚР Тұңғыш Президентінің елдің қалыптасуы мен халықаралық аренадағы беделін арттырудағы айрықша рөлін атап өтті: "Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында Қазақстан Еуразияның ең қарқынды дамып келе жатқан елдерінің біріне айналды. Президент Назарбаев еліміздің әлемдік аренадағы жауапты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық экономиканы адами капитал негізінде жаңғырту және 2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөнінде нақты мақсаттар қою үшін бар күшін салды. Мұны біз Назарбаевтың стратегиясы деп атаймыз".
Талқылауға сондай-ақ Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы, "FIRST" баспасының негізін қалаушы Руперт Гудман, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі (2006-2010) Владимир Норов, "Постиндустриалды қоғамды зерттеу орталығының" директоры Владислав Иноземцев, Атлан кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэн қатысты.
Руперт Гудман "Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азия болашағы" сессиясында Ұлыбритания премьер-министрінің құттықтау сөзін оқыды.
«Мен Қазақстанды тәуелсіздігімен құттықтау лебізін жеткізгім келеді. Бұл үлкен жетістік. Қазақстан дамып, Еуразия орталығындағы мықты елге айналғанын көрдік. Келесі жылы дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Байланысымыз жаһандық пандемияға қарамастан, одан әрі дамитын болады», - делінген Борис Джонсонның құттықтау сөзінде.
Сарапшылар Ядросыз әлем қалыптастырудағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерекше рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, Қазақстанның тәжірибесі геосаяси ахуалдың шиеленіскен жағдайында бұрынғыдан да өзекті.
"Назарбаев ядролық қарудың әлемдегі төртінші, ең ірі арсеналынан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ болуға мүмкіндік берді. Ол ядролық қарусыз әлемге бірінші болып ұмтылды. Қазір Қазақстан аймақтағы тұрақтылықты сақтауда негізгі халықаралық рөл атқарып отыр», - деді Руперт Гудман.
ВЛАДИМИР НОРОВ: "Халықаралық аренада Қазақстан беделінің артуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен байланысты. Ол халықаралық қауымдастық назарын аударған ауқымды инновациялық бастамалар мен идеяларды көтерді",- деді.
Сондай-ақ, ол «Орталық Азияда жаңа мүмкіндіктер пайда болуда, аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Талдау қорытындысына сәйкес, алдағы 10 жылда аймақтағы шетелдік инвестиция көлемі 170 млрд долларға жетеді. Оның 70 млрд-ы шикізаттық емес саладан келуі мүмкін", - екенін атап өтті.
ВЛАДИСЛАВ ИНОЗЕМЦЕВ өз сөзінде: "Қазақстан 160 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартты. Өзге посткеңестік елдерде көрсеткіш әлдеқайда төмен. Қазақстанды шетелдік инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістіктегі чемпион деп атауға болады",- деді.
"Орталық Азия елдері өңірлік интеграцияға мүдделі болуы мүмкін. Келесі жылдар қандай болатынын білмеймін, бірақ менің ойымша, Қазақстанның көшбасшы болатын жаңа өңірлік стратегияны әзірлеу әлеуеті бар", - деп атап өтті Владимир Иноземцев.
Үшінші күн бағдарламасын Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылар жаһандық Альянсының "Түн ортасы аяқ басты: ядролық диалог бойынша әрекет уақыты" отырысы жалғастырды.
Сессияның модераторы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов болды.
Сессия қатысушылары: Нобель сыйлығының лауреаты (2005), Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры (1997-2009) Мохаммед Эль-Барадей, Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының лауреаты (2019) Лассина Зербо, Халықаралық бейбітшілік институтының вице-президенті, қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкіл (2012-2015), БҰҰ Бас хатшысының орынбасары (2008-2012) Ангела Кейн, Ядролық қарудан бас тарту жөніндегі жаһандық қауіпсіздік институты (АҚШ)
Джонатан Гранофф, "Ядролық қаруды таратпау және жою үшін парламентшілер" Ұйымының жаһандық үйлестірушісі (PNND) Алин Уэйр, Нобель сыйлығының лауреаты (2017), "Ядролық қаруды жою үшін халықаралық науқанның" (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Фин.
Отырыс барысында спикерлер әлемде ядролық державалар арасындағы шиеленіс артып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастықтың орнына көптеген елдер мәселелерді біржақты шешуді жөн көреді.
Мохаммед Эль-Барадей: "Адамдар арасындағы ынтымақтастықтың орнына біржақты тәсілдерді, ұлтшылдықты және бір-біріне айып тағу қалыптасқанын көреміз. Осындай жағдайда қару-жарақты неғұрлым сапалы бақылауды қамтамасыз ету және ядролық қауіпсіздік мақсатына қол жеткізуге ықпал ету үшін нақты шаралар әзірлеу маңызды", - деді.
Ангела Кейннің пікірінше, "қазір әрекет етудің уақыты келді, біз қару-жарақты басқару архитектурасы іс жүзінде жоқ екенін көріп отырмыз. Өйткені өзара әрекеттесу, саяси ерік-жігер және келіссөз жоқ. Әскери бюджет мөлшері көбейіп келеді: жыл сайын шамамен 4% өсім байқалады".
Лассина Зербо: "Қазақстан мен Жапония ядролық қарусыздану саласында моральдық беделге ие. Қазақстан 50 жылға жуық уақыт ядролық сынақтардан зардап шекті және сіздің Тұңғыш Президентіңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ядролық полигонды жауып тастады", - деді.
Джонатан Гранофф Михаил Горбачевтің үндеуін оқыды:
"Мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіремін. Олардың түрлі саяси көшбасшылар мүддесі мен көзқарастарды білдіруі маңызды».
Михаил Горбачевтің үндеуінде: "біздің қауіпсіздік тұжырымдамамызды қайта қарастыру қажет. Осы уақытқа дейін қауіпсіздік әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бірақ мен қырғи қабақ соғыстың аяқталса да, аз нәрсе өзгергенін өкінішпен атап өткім келеді. Қазір адам қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуі керек. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарының қауіпсіздігі, экология және денсаулық сақтау. Біздің күш-жігеріміз дәл осыған бағытталуы керек", - делінген.
Джонатан Гранофф: "191 ел ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қоюға келісті. Біз Шарттың кіріспесінде жазылған ережелерді жүзеге асыруға тиіспіз. Тек осы ережелерді сақтай отырып, қауіптерді азайта аламыз", - деп атап өтті.
«Астана клубы» отырысы аралас форматта өткізілді: спикерлер офлайн және онлайн қатысты.
Кейбір отырыстар "Chatham house" ережелеріне сәйкес, яғни жабық форматта өтті.
Алтыншы "Астана клубының" отырысы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен пленарлық сессиямен аяқталады.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, «Астана клубы» беделді саясаткерлер, дипломаттар және дүниежүзілік деңгейдегі сарапшылар бас қосқан алаң ретінде халықаралық аренада бірегей орынға ие болып отырғанын атап өтті. Елбасы тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан даму жолында қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталды.
– менің ойымша Еуразия экономикалық одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланысты дамытатын кез келді. Сондықтан біздің елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндіктерін талқылап, дамыта алатын «Үлкен Еуразия» төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру және ядролық қаруды таратпаудың нақты жұмыс тетігін әзірлеу үшін халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыруға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Жаһандық көшбасшылар альянсы Стратегиялық шабуыл қаруларын жаппай қысқарту жоспарын талқылау және құру жолындағы негізгі алаңға әрі қозғаушы күшке айнала алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Елбасы Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізуді ұсынды.