Жауапты сәт алдында шенеуніктер айтар сөзін іштей қайталап жатыр. Барлығы да қобалжулы. Бұл сыннан әлдеқашан өткен саяси элитаның белді мүшелері ғана сергек. Тік тұрып, Елбасыны қарсы алған соң көптің шыдамын тауысқан салтанатты рәсім басталып кетті. Жаңадан тағайындалған министерлер, облыс әкімдері мен басқа да мемлекеттік қызметшілер оң қолын Конституцияға қойып ант берді. Бүгін 40 жасқа толып, президенттен құттықтау естіген білім министрі Аслан Сәрінжіпов те, адал қызмет етуге уәде етті. Ал ант мәтінін қағазға қарамай жатқа соққан 3 атқамінердердің ішінде Қарағанды облысының әкімі де бар.
-Мемлекеттің конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант етемін.
Салтанатты рәсім протокол белгілеген уақыт, яғни 10 минуттан аспады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев ант бергендерге аянбай жұмыс істеуге шақырып, бірқатар кеңесін де берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің орындарыңда басқа адам болуы мүмкін. Басқа азаматтар болуы мүмкін. Бірақ та осы қызметке келгеннен кейін осыны абыроймен орындау керек. Жұмысқа келгенің бар, жұмысты орындау бар, немен аяқтайтыны бар. Соны ойлап отыру керек. Жаңадан тағайындалғандарыңыз бар, бұрыннан істеп жүргендеріңіз бар.