Елорданың ойын-сауық орындарында түнгі 23.00-ден таңғы 08.00-ге дейін ішімдік сатуға шектеу қою ұсынылды, деп хабарлайдыElorda Aqparat.
Бұл ұсыныс қала әкімдігінде ойын-сауық мекемелері мен халық көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту туралы өткен жиналыста айтылды.
"Тәртіп бұзушылықтың басым бөлігі ішімдік ішкен соң болады. Сондықтан мейрамхана, дәмханаларда түнгі сағат 23.00-ден таңғы 08.00-ге дейін ішімдік сатуды шектеуді ұсынамыз", - деді қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Госман Жакин.
Биыл 41 ойын-сауық мекеме иесіне тәртіп бұзушылыққа әкеліп соғатын жайттарды жою керектігі ескертілген.
"Темекі бұйымдарын сату ережесін бұзғаны үшін 86 мекеме жетекшісіне, түнде ойын-сауық орындарына кәмелеттік жасқа толмағандарды кіргізгені үшін 115 мекемеге ескерту берілді", - деді Госман Жакин.
2018 жылдың қараша айынан бастап патрульдік қызметтің жұмыс істеу тәртібі өзгерген болатын. Полицейлердің біразы тәртіп бұзушылықты көлікпен емес, жаяу жүріп тексереді. Демалыс және мереке күндері барлық ойын-сайық орындарының жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді.
Жыл басынан бері ойын-сауық орындарындағы тәртіп бұзушылық жайлы үш мыңға жуық қоңырау түскен.