Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
22-сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Кәкімбек Салықов 2002-2013 жж. аралығында тұрған үйге салтанатты түрде ескерткіш тақта орнатылды. Кәкімбек Салықов белгілі мемлекет қайраткері мен халық арасында кеңінен танымал әндер сөздерінің авторы.
Шығармашылық пен лауазымды қызметті ұштастыра білген Кәкімбек Салықов заманауи Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Жақын досы, атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен бір үйде көрші тұрған. Енді Е.Рахмадиевтің ескерткіш тақтасының жанына Кәкімбек Салықовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.
Тау-кен инженері, шахта бастығы, Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты парткомының хатшысы, қалалық комитет басшысы, КОКП Орталық комитетінің инспекторы, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Қарақалпақ облыстық партиясының бірінші хатшысы, Қазақстанның Жоғары Кеңесінің депутаты. Бұл Кәкімбек Салықовтың қызмет жолы. Бірақ дарынды тұлға мансаппен бірге шығармашылықты да қатар алып жүрген.
Кәкімбек Салықовтың алғашқы өлеңдері қазақстандық газет-журналдарда 60-жылдардың аяғында жариялана бастайды. 1972-жылдан бастап КСРО Жазушылар Одағының мүшесі атанған ақынның «Жезкиік» атты жыр жинағы кеңінен танымал болып, орыс және қырғыз тілдеріне аударылды. Кейіннен белгілі композиторлар Нұрғиса Тілендиев пен Жақсыкелді Сейілов бұл өлеңге ән жазады.
«Соңғы жылдары Кәкімбек Салықов өте көп жазып, шығармашылықпен айналысты. Басты жолы, міндеті, ерекше қасиеті – поэзия екенін түсінген сыңайлы. Ол шығармашылықпен айналысып, жыр жазу үшін жаралғандай. Қызмет бабымен жүріп, әдебиеттен қол үзіп қалғанын сезгендей, 1990-жылдардан кейін осы олқылықтың орнын толтыру үшін көп еңбектенді. Өмірде көрген-білгенін, көзқарасы мен пікірін, сезімін жыр арқылы жеткізуге тырысты. Оның өмірлік тәжірибесі көптеген өлеңдерге арқау болып, халық арасында танымал керемет әндер жазылды.», - деп еске алады жазушы, драматург Дулат Исабеков.
Ақын Кәкімбек Салықовтың өлең жолдарына жазылған әндер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының сахнасында орындалды.
Филармонияның ұйымдастыруымен өткен концертке еліміздің өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген артистермен қатар, жас әншілер де қатысты. Ал, филармония фойесінде белгілі мемлекет қайраткерінің жеке кітаптары мен естелік фотосуреттерінің көрмесі өтті.
Ақын, жазушы Кәкімбек Салықовты ұлықтау шаралары 2022-жылдың 22-сәуірінен бастап күллі ел аумағында өтіп жатыр. Бұл белгілі қоғам қайраткерінің дүниеге келген күні. Атап айтқанда, салтанатты шаралар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының қалалары мен аудандарында, сондай-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында атап өтіледі. Бұл мемлекет қайраткері түрлі жылдары өмір сүріп, еңбек еткен жерлер.
Күні бүгінге дейін көптеген кездесу, концерт, ғылыми конференциялар мен көрмелер өтті. Мемлекет қайраткеріне арналған жаңа кітаптар мен деректі кинофильмдер шығару жоспарлануда. Алматы көшелерінің біріне Кәкімбек Салықовтың есімі берілді. Еліміздегі екі мектеп те талантты ақынның атымен аталады. Оның бірінде Кәкімбек Салықовтың өзі оқыған. Ш.Уәлиханов атындағы Көшетау Университеті жанындағы жаңа Педагогикалық Институтқа, сондай-ақ Қазақ Ұлттық өнер университетінің аудиториясына Кәкімбек Салықовтың есімі беріледі деп жоспарлануда.
Ал, күзде Алматыда ақынның құрметіне үлкен концерт өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында К.Салықовтың достары мен әріптестері жазған көптеген мақала мен репортаж жариялануда. Белгілі тұлғалар елінің өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбегімен есте қалған қайраткер жайлы ойларымен бөлісіп, еске алды.