Осыған дейін елорда жайлы үздік әнді жылдам таңдап, марапаттап алғанымен әнұранға келгенде сәл қиындық туындаған сыңайлы. Үздік теп таңдалған шығарма авторларына қалалық әкімдік 3 миллион теңге сыйақы ұсынбақ.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
31 әннің ішінде оқ бойы озық шыққан Нұр-Сұлтан туралы шығарма осы. «Азия» тобы "елордаға кел!", - деп жүріп бас жүлдені қанжығасына байлаған.
Ән анықталғанымен әнұранға келгенде таңдау жасау қиын болып тұр екен. Қазірдің өзінде гимннің 51 нұсқасы қазылар алқасының алдында жатыр. Олардың бірі тойдың әуенімен жазылса екіншісі вальс стилінде шырқалыпты. Қысқасы жарамайды.
АҚҰЛАН ТАСТЕМІР, ҚАЛАЛЫҚ ДАМУ ІСТЕР БАСҚАРМАСЫ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:«Лайықтысын таба алмағаннан кейін қайта біз байқаудың уақытын ұзартып, 10 тамызға дейін созып қойдық. Себебі, естімеген елде көп, маған жер-жерден хабарласып күніне 20-30 адам ақпарат алып жатыр. Бұл сұраныс, ұсыныстың көбейгенін білдіреді. Кәсіпкерлер бар, демеушілеріміз бар қала демеуіне көмектесіп жүрген. Әкімдікпен қоян қолтық жұмыс жасайтын азаматтардың демеуімен өтіп жатыр».
Бір тиын да қалалық бюджеттен шықпайды дегеніне сенейік. Жалпы, әр қала бас басына гимн жаздырып алса қалай болар екен деген сауалды 150 әннің сөзін жазып, 40-қа жуық әуеннің авторы атанған Есқожа Әлқожаұлына қойдық.
ЕСҚОЖА ӘЛҚОЖАҰЛЫ, АҚЫН, САЗГЕР: «Еліңді жақсы көріп жатсаң, бас қалаңды жақсы көріп жатсаң әрине салтанатты ән керек қой. Ал оны орындау да керек. Мысалы, Шәмші ағамыз жазған атақты әні ол да сол елін, жерін жақсы көргеннен жазылған ән. Сол ән бүкіл халыққа гимн болып кетті.
Ал, қарапайым халық бұл бастаманы қолдай қоймады.
«Басқа жаққа жұмсаған дұрыс меніңше».
«Көпбалалы ата-аналар бар, мүгедек балалар бар соларды дамыту үшін жағдай жасаса дұрыс деп ойлаймыз негізі. Гимн не керек?»
«Каждыйына әнұран жазу қаланың? Мемлекеттің әнұраны болады ғой. Нұр-Сұлтан қаласы өзі бөлек мемлекет емес. Смысл жоқ сияқты».
Ақын Саян Есжан «тапсырыс бойынша ән мен сөз жазып оны кәсіпке айналдырып алған "классиктер" көбейіп кетті» - дейді. Иә болмаса зейнет жасындағылар ерікеннен не зерікеннен шығармашылық адамы болып шыға келеді екен. Гимн біреу, соның өзі жеткілікті деген пікірде.
САЯН ЕСЖАН, АҚЫН: «Жеке бір ұйымның, қаланың, мектептің жеке бір гимндері бар қазіргі уақытта. Анығын айтатын болсақ ол жерде ешқандай сапа жоқ. Мәтінде ешқандай мазмұн жоқ. Әуеніне келетін болсақ құр даңғырлаған бір әуендер шығып жатыр. Негізі осы бір үрдіс өнер атаулының қасиетін кетіріп жатқан сияқты».
Қалай болғанда да Нұр-Сұлтан қаласының гимні болады. Бұл - қаражат бөлініп, қазылар белгіленіп қойған шаруа. Шамамен, бір айдан соң оны да біле жатармыз.
Үш миллион теңге сыйақы дегенде ақын сазгер тұрмақ қатардағы тілшінің шабыты ашылып, шумақтар өздігінен ойға келеді екен. Астананың гимніне мынадай сөздер сұранып тұр. Бірақ менің жазғаным жүлдеге ілінетініне күмәнім бар.
Нұрланып тұр Сарыарқаның мынау сайын даласы,
Жаңа атауға ие болды ерке Есілдің жағасы.
Күндіз жүріп жұмыста түнде тағы сабылар,
Арман қуған, амал іздер талай қазақ баласы.
Бұл астана саясаттың және де,
Таксистер мен көшпелі квартиранттар қаласы.