Миллиондаған қаражаттарынан қағылып, амал таппаған олар шағымдарын айтты. Олардың сөзінше, ақша алдын-ала төленгенімен, құжаттардың бәрі жалған болып шыққан. Ешқандай шетелдік қонақ үй, басқа қызмет түрлері бойынша келісім жасалмапты. Алаяқтар тұтынушыларына жылы-жылы сөйлеп, бәрі жақсы болады деп сендірген. Оқиға қалай болды, қанша адам, кімнен алданды?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Талайды алдап, тақырға отырғызған туристік агенттік қазір бос тұр. Мұнда жұмыс істеген санаулы қызметкер 50-ден астам отбасыны алдап соғыпты. Қыруар ақша төлеп шетелде демаламыз деп дәмеленгендер былай алданамыз деп ойламапты. Себебі, бұған дейін бірнеше елге осы мекеменің көмегімен барып келіпті».
Осылайша біраз уақыттан бері "Травэллерс.кз" компаниясының тұрақты тұтынушысына айналған жандардың бірі - Фариза Үкенова. Бірнеше рет демалысын ойдағыдай ұйымдастырған туристік агенттік осы жолы сан соқтырыпты. Оның үстіне, "жақындарым мен достарыма мақтап, енді 20 жанұя менің кебімді киді" деп кейіді. Олардың алдында өзін кінәлі сезінгені былай тұрсын, өзінің 2 миллионы желге ұшыпты.
ФАРИЗА ҮКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Случайно абсолютно.........Барлық құжаттарды ым-жымсыз үйіме әкеліп берген соң, ештеңеден шүбәланған жоқпын. Мен оларды тексерген де жоқпын. Чек те алмадым. Ақшасын бере салдым. Өйткені, сендім. Бұған дейінгі демалыстарымызды жап-жақсы ұйымдастырып берген болатын.
Фариза Үкенова сияқты таныстары арқылы турагенттік өкілдерімен тауып, алданып қалған Әсия Әділбаева да не істерін білмей дал. Себебі, ұзақ уақыт бойы жиған ақшасы енді көзден бұлбұл ұшты. Жазға деген жоспарының быт-шыты шығып, ашынуда.
ӘСИЯ ӘДІЛБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Айжанды өзіміздің таныстар арқылы таптық. Ол өзінің төмен бағасымен бізді өзіне қарай тартты. Және осы Айжаннан біз турын таңдап, бүкіл ақшаны майдың соңында төлеп қойдық. Майдың соңында біз Айжанға біз екі отбасыдан 1 миллион 700 мың ақша бердік".
Шетелге міне ұшамын деп тұрғанда көңілі су сепкендей басылғандардың қатарында Әлия Тұрдығұлова бар. Өзі психолог бола тұра қалай алаяқтың құрбаны болғанын аңдамай қалыпты. Тіпті, агенттік өкілдеріне сенім артқаны соншалық, құжаттарды толық тексермеген де. Қыруар қаржыны қолдарына ұстатып, жағажайда жататын күнді күтіп жүре беріпті. Сөйтсе:
ӘЛИЯ ТҰРДЫҒҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Получается на 3 семьи у нас сумма вышла........... 3 жанұя болып 7 миллионға жуық ақша төледік. Кейбіреуіміз қолма-қол берсек, басқалар картасына аударды. Қолымызда ешқандай келісім-шарт болған жоқ. Ол бізге билеттерді жіберді. Дәл ұшар алдында билеттердің қате екенін аңғардық. Себебі, ешқандай нөмір ештеңе жазылмапты. Ал, брондау туралы аузымды ашпай-ақ қояйын".
Ал, елімізде заңды түрде жұмыс істейтін туристік агенттіктердің жұмысын қадағалайтын қор басшысы Ирина Рэй халықтың туристік сауатын ашу керек деген ойда. Себебі, жалған аттарды жамылған алаяқтарға алданғандардың қатары артыпты. Беймәлім компаниялардың құрығына түспеу үшін агенттік тіркелген бе, жоқ па деген сауалға жауап іздеу қажет -дейді ол. Ол үшін "Туристік қамқор" қорының сайтына кіріп, істес болған агенттіктің атауын тізімнен табу керек деп кеңес берді.
ИННА РЭЙ, "ТУРИСТІК ҚАМҚОР" ҚОРЫ ТӨРАЙЫМЫ: Она даже не турагенство....." Бұл қыз тіпті турагенттік өкілі емес. Өйткені, жұртқа бұл қызметті көрсету үшін министрлік жанындағы турагенттіктің реестрінде тіркелу шарт. Ал ол тізімде Травээлерс кз деген компания атымен жоқ. Нарықта тәжірибесі бар деп кез-келген адамға сене беруге болмайды. Ал, туризм саласы мемлекет бақылауындағы әрі әрдайым тексеріліп отыратын заңды сала".
Ең сорақысы, осы турагенттіктің кейбір тұтынушылары елге қайта алмай қиын жағдайға душар болыпты. Қазір Есіл аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсіргендердің саны әзірге 17 адам екен. Олардың ісін тексеру басталды -дейді ресми өкіл.
СОФЬЯ ҚЫЛЫШБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Осы факт бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тергеу амалдары да жүргізіліп жатыр. Бұл факт Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабымен қарастырылған. Яғни, алаяқтық бойынша.
Өкінішке қарай, бұндай жағдайлар бүгінде ұшығып тұр. Сондықтан, осы турагенттіктен зардап шеккендер болса Есіл ауданына келіп шағымдануға немесе кезекші бөлімшенің 716556 нөміріне хабарласуларына болады дейді ол.