Нұр-Сұлтанда блогерлер қатысқан той полиция назарына ілікті

Бұл туралы Caravan.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мерекелік шарадан түсірілген видеоларды блогер Ислам Жаңабілов Instagram-парақшасында жариялаған.

Видео кадрларынан тойда қонақтар болғанын және әртістер қатысқанын көруге болады. Видеоға қарағанда мереке елордадағы мейрамханалардың бірінде өткен.

6,5 миллион оқырманы бар блогер Эльмира Төлегенова мен оның күйеуі - 7 миллион оқырманы бар блогер Ерболат Жаңабілов те сол тойдан түсірілген кадрлармен әлеуметтік желілерде бөліскен.

Елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, мейрамхана иесі, блогер және той қонақтары жауапқа тартылады.

"Instagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері қазақстандық блогерлер қатысқан үйлену тойында түсірілген видеоны анықтады. Бас санитария дәрігердің қаулысында көрсетілген қолданыстағы тыйымға қарамастан, той кең ауқымда өтті. Үйлену тойы Астананың сол жағалауындағы Қорғалжын тас жолындағы мейрамханада өткізілгені анықталды. Мейрамхана иесіне, блогерге және тойдың басқа қатысушыларына қатысты жиналған материалдар Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін жолданды", - деді полиция өкілі.

Құқық қорғау органдары астаналықтарға карантинді бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертіп, санитарлық нормаларды сақталуды еске салды.