Нұр-Сұлтанда демалыс күндері жаңа шектеулер енгізілді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Алдын алу шараларын өткізу мақсатында қоғамдық көлік 27 және 28 маусым күндері жүрмейді. Автобустарда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. 29 маусымда қоғамдық көлік бұрынғы режимге оралады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қаланың бас санитар дәрігері Жанна Прәлиеваның айтуынша, қаладағы тұрғындардың қозғалысына да шектеу қойылады.

27-28 маусым күндері елордада тек азық-түлік дүкендері жұмыс істейді. Жұмыс кестесі сағат 10-нан 17-ге дейін. Демалыс күндері барлық сауда орталығы, сауда үйлер, азық-түлік және өзге де тауарлар сататын базарлар, дүкендер жұмыс істемейді.

"Өткен "карантиндік демалыс" сырқаттану деңгейін төмендетудің оң динамикасын көрсетті. Осы демалыс күндері – 27 және 28 маусымда біз "үйдегі демалыс" күнін енгіземіз. Қазіргі уақытта қалада аурудың негізгі екі ошағы отбасылық және ұжымдық болып отыр. Демалыс күндері тұрғындарға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға баруды, медициналық қызмет алуды немесе рұқсат етілген жұмысқа баруды қоспағанда, үйлерінен шығуға тыйым салынады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен үй маңындағы азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Базарлар да жабылады. Азаматтар сенбіге дейін қажетті өнімдерін сатып алуы керек. Үй маңындағы азық-түлік дүкендерінде қажеттінің бәрі бар", – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Прәлиева.


Сонымен қатар 27-28 маусымда дәріханалардың, көше форматындағы (жаздық) қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл ретте аталған нысандар қатаң санитария нормаларын сақтауы керек дейді бас санитар дәрігер.

Еске салайық, соңғы мәліметтер бойынша елордада коронавирус жұқтырғандардың саны 3613-ке жетті, 2642 адам айығып шықты. Ауруханаларда шамамен 900 адам жатыр.