Он жылдан бері мемлекеттік бағдарлама іске асып, қыруар қаражат бөлініп жатқанымен, әлі де бірнеше аймақта жұмыссыз жүрген қазақстандық жетерлік деп хабарлайды Caravan.kz порталы Paryz.kz,-ке сілтеме жасап.
Мысалы, бір ғана Нұр-Сұлтанның "құл базар" аталып кеткен жеріне күн сайын 400-ге жуық азамат жұмыс іздеп барады.
Ерболат Ерсайынұлы төртінші санаттағы дәнекерлеуші. Бұған дейін ірі құрылыс компанияларында жұмыс істепті. Алайда үнемі қара күшті талап ететін ауыр жұмыстан денсаулығы нашарлап, шығып кеткен. Қазір осында әркімге жалданып нәпақа тауып жүр.
Металл құрастырумен жұмыс істейсің. 260 тонналық темірді қолмен монтаждау қажет. Адам мұндай жұмыстан өз бетімен өзі сынады. Ондай жұмысқа барғың да келмейді. Сол себепті табылған жұмыстарға шығуға тура келеді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ерболат Ерсайынұлы.
Қара базар болғандықтан, мұнда ешқандай кезектің тәртібі жоқ. Кім үлгерді, жұмысты сол алады. Жігіттердің дені біреудің ауласын тазаласа, енді бірі құрылысын жасап береді. Одан қалса жүк тасиды. Күніне 10 мың теңге тапса қуанады.
Ал министр Серік Шәпкенов жыл басынан бері миллионға жуық қазақстандыққа жұмыс тауып бердік, енді жыл соңына дейін 200 мың адамның ресми жұмыс істеуіне көмектесеміз дейді. Дегенмен оның есебі мен өмірдегі фактілер сәйкес келмейтін секілді. Өз кезегінде министрлік өкілдері бұл есепті қалай қадағалайтындарын айтып берді.
Автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы және электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылады. Жалпы бұл ақпараттық жүйе бойынша халықты Жұмыспен қамту орталықтары мониторинг жүргізеді”, – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Гүлнұр Шынтаева.
Айта кетейік, жұмыссыз қалған азаматтардың мәселесін шешу үшін он жыл бұрын "Жұмыспен қамту 2020" деп аталатын мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Оған 2011-2012 жылдары 95 миллиард теңге жұмсалған. Кейіннен бағдарламаның атауы "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" деп өзгеріп, тағы үш жылға 360 миллиард теңге бөлінді. Осылайша, он жылдың ішінде 1 миллион 768 мың қазақстандықтың жұмысқа орналасуына ел бюджетінен 750 миллиард бөлінген. Жауаптылар азаматтарға жұмыс тауып беруге ықпалдасқанмен, ол жұмыстың қаншалықты тұрақты болатынына, еңбек қауіпсіздігіне, жалақысының қандай болатынына ешкім кепілдік бере алмайды.