Нұр-Сұлтанда туризм саласының мамандарын даярлайтын оқу орны ашылады

Кездесу барысында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын дамытуға арналған Меморандумға қол қойылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты бұл музей-қорық 2018 жылы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №150 қаулысына сәйкес құрылған болатын.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік-басқару орталығы ғана емес, туристер үшін де тарихи-мәдени құндылықтарға толы аймақ болуы керек», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.   

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту қажеттігін ескеріп, қала басшысымен төмендегідей келісімдер жасалды.

Атап айтқанда, 2020 жылы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында орналасатын нысандар, оның ішінде сапар орталығы мен археологиялық парктің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспары жасалатын болады. 

Нысанға инженерлік желілерін тарту, Үркер шағын ауданынан Бозоқ қорығына дейін баратын жолды жөндеу қолға алынады.


Тағы бір айта кетерлік жаңалық - Орталық Азияда баламасы жоқ туризм саласының мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны алдағы уақытта пайдалануға беріледі.

Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық меншігіндегі Туризм колледжі республикалық мәртебеге ие болып, Туризм және меймандостық университетімен бірігіп, мамандар даярлайды. Жастар жылы аясындағы министрдің ұсынысын қала әкімі Алтай Көлгінов те қуана қолдады.