Нұр-Сұлтанда ҰБТ-ны төрт оқушының орнына студенттер тапсырмақ болған

Алайда, олардың 60 пайыздан астамы ғана шекті балды жинады. Бұл туралы ОКҚ-да БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова мәлімдеді.   

Бұл жайлы Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

 

«ҰБТ-2021-ге жалпы 145 мың 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 109 мың 693 қазақ тілінде, 35 мың 245 орыс тілінде, 350 оқушы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ-ның тестілеудің орташа балы – 69,08 құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 баллға артып отыр. Шекті балды қатысушылардың 60 %-дан  астамы жинады. 57 мың 187 бітіруші тестілеуден шекті баллды ала алмады», - деді Наужан Дидарбекова.                  

Белгілі болғандай, 1923 оқушы 120-дан жоғары балл жинады. Ал, ең жоғары 140 баллды бір тестіленуші иеленді.

Сонымен қатар, биыл да жылдағыдай тест тапсыру кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталғаны мәлім болды.

«Тестілеуге кіргізу үш тексеріс кезеңінен тұрды. Біріншісі Face ID жүйесі арқылы, екіншісі тестіленушінің жеке құжаты арқылы тексеру, үшіншісі тест тапсыру орнына отырған кезде оның түр-тұлғасын қайта растау. Жалпы тестілеу барысында бөгде тұлғаларды кіргізу жағдайлары болды. Былтыр осындай 3 жағдай анықталса, биыл 18 жағдай анықталды. Олардың 9-на қатысты қылмыстық іс қозғалды.  Оның ішінде елордалық 4 оқушы өздерінің орнына ЖОО-ның студенттерін кіргізбек болған. Сонымен қатар, тестілеуге алып кіруге тыйым салынған заттар да тіркелді. Осылайша 756 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ал ережені бұзғаны үшін тестілеу кезінде  аудиториядан 1305 адам шығарылды. Тиісінше олардың да нәтижелері жойылды», - деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы. 
Бүгінге дейін ҰБТ-ны 145 мың 288 талапкер тапсырып үлгерді. Алайда, олардың 60 пайыздан астамы ғана шекті балды жинады. Бұл туралы ОКҚ-да БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова мәлімдеді.