Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Құжат тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сайтында жарияланды.
"Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінтөмендету және оның Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында таралуын болдырмау мақсатында 2020 жылғы 17 тамыздан бастап шектеулі карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуді бастау", - делінген қаулыда.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары келесі талаптарды сақтауды жалғастыруы тиіс:
- ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын, жиналыстарды, жиындарды және т. б. өткізуге тыйым салу;
- спорттық жаттығуларды тек ашық ауада жеке тәртіппен және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, 5 адамнан аспайтын топтарда ғана өткізу;
- бір отбасы мүшелерінен немесе 3 адамнан аспайтын топтарды қоспағанда,табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топтық сапарларды ұйымдастыруға және өңірдің көрікті жерлеріне шолу жасауға, сондай-ақ жағажайларда шомылуғатыйым салу;
- 65 жастан асқан адамдардың қала және қоғамдық орындар бойынша жүріп-тұруын шектеу;
- аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелеріне міндетті түрде бетперде киіп және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып баруға рұқсат беру;
- қоғамдық орындарға, оның ішінде қалалық қоғамдық көліктерге және қызметі рұқсат етілген объектілерге барған кезде, көшеде жүріп-тұру кезінде (5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда және ашық ауада спортпен шұғылдану кезінде) маскалар кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтау.