Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq ruhy порталына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бірде бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Заңгерлерден сұрасаңыз, олар да біледі. Бұл – әлеуметтік төлем. Елде төтенше жағдай болмаса да, елде басым халықтың табысы аз, жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы, жәрдемақы көлемі көп емес. Сондықтан осы төлемақыны алсам ба деген адамдар көп. Бірақ ресми, бейресми жұмыс істегендер болсын, ЖК болсын, ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз, үйлерді араламаймыз. Төленді ме, алып жаратыңыз», - деді Б.Нұрымбетов.
Дегенмен төтенше жағдай уақытында тұрақты жалақы алып отырғандар қайтарып бермесе, оларға сұрау болады.
«Жалдамалы жұмыс істейтіндерді жұмыс берушілер мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберсе ғана 42 500 теңге ала алады. Басқа жағдайда алуға болмайды. Тұрақты жалақы алып жүргендер, жұмысы жүріп тұрғандардың алуы заң бұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес. Ақша мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр, олар мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға, жүкті аналарға, босанғандарға ақша төлейді. Сол қаражатқа жауапты болған соң бұйрығы жоқ, ақысыз демалысқа жібермегендерге сұрау жасайды да, кейін қайтаруды талап етеді», - деді бұл жайында министр.
Министрлік 42 500 әлеуметтік төлем бойынша 3 млн-ға жуық азаматтың өтінішінен бас тартқан. Бас тартуға өтінішті қате толтыру, тағы басқа жағдайлар себеп болған.