Сондай-ақ, бас басылым бүгін жаны жомарт Нияз Сүндетәлиев туралы жазады. «Нияз Сүндетәлиев 5,5 миллион теңгені қайырымдылық қорына аударды. Адамзат баласын сүю үшін адамның он екі мүшесінің сау болуы тіпті де міндетті емес екен. Мұны өзінің мүбәрак ісімен Нияз Сүндетәлиев есімді 26 жастағы қарағандылық жігіт тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Нияздың өзі осыдан төрт жыл бұрын ауыр жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылған болатын. Сол кезде жап-жас жігіттің басына төнген бақытсыз жағдайға шын қынжылған достары мен туыстары түрлі акциялар мен флешмобтар ұйымдастырып, қаржы жинастырған. Ал бүгінгі күні Нияз болса, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандардан келіп түскен сол қомақты қаржы - 5 миллион 584 мың 504 теңгені Аружан Сайынның «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының есеп-шотына аударып жіберді»,-деп жазады басыдым. Бұл туралы толығырақ «Өзі - мүгедек, жүрегі - жомарт» атты мақаладан оқыңыздар.
***
«Бүгінгі таңда қоғамда экономикаға, бизнеске деген қызығушылық басым» деп жазады «Айқын»республикалық газеті. ««Дағдарыс қай кезеңде де тек қауіп-қатер ғана емес, жаңа мүмкіндіктер көзі» (Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы). Бұл мұнай, түрлі пайдалы қазбаларды сатудан түсетін қаржыға сеніп жайбарақат жата беру деген сөз емес. Бізге экономиканы тұрақтандырудың басқа жолын іздеуді қажет етеді. Яғни жасырынып жатқан мол мүмкіндіктің басты көзі - адами капиталдың іске қосылатын кезі жетті. Ол үшін кәсіпкерлікке қабілетті азаматтарды тарту, іскерлікке үйрету, олардың бойындағы ерекше қасиетін ояту қажет. Сонда ғана біз көптеген отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, елдің әл-ауқатының көтерілуіне әсер етеміз. Өз кәсібімен айналысқысы келетіндер саны артуда. Әрине, кез келген кәсіпті бастаудың алғашқы жолы - ол туралы толық әрі шынайы ақпарат алу қажет. Бірақ сол кәсіпті бастағысы келетіндер қазақ тіліндегі сапалы ақпаратқа қалай қол жеткізеді? Осы салаларды дамытудың бір құралы ретінде қазақ тілін қалайша тиімді қолдануға болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп отыр басылым. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетінде жарық көрген «Мемлекеттік тіл бизнестің тіліне айнала ма?» атты мақаладан оқи аласызда.
***
Ал «Экспресс К»
газеті бүгінгі санында Астанада жүрген неміс туристерінің қызықты эксперименті туралы жазады. Неміс туристер тіпті эксперименттерін видеоға түсіріп, ютуб желісіне шығарған екен. Ролик эксперименттен гөрі, Қазақстанның Астанасы туралы тамаша бейнебаянға ұқсайды. (https://www.youtube.com/watch?v=sLd2djQ1hEs). Жалпы, туристер талай ғалым әлі нақты дәлелін ұсына алмай отырған құбылыс - аязға шашылған ыстық су суық судан қарағанда неге лезде қатып қалады деген сұрақтың жауабын іздеген. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Астанинский эксперимент» атты мақаладан оқыңыздар.