Нью-Йорктегі қазақстандық-америкалық сән көрсетілімі аса тартымды өтті

Қазақстандық дизайнерлер өз топтамаларын Нью-Йорктің белгілі бикештері мен сәнді киім үлгілерінің сарапшыларына ұсынып, ықыласқа бөленді. Қазақтың дәстүріне сай бірегей үлгі мен америкалық дизайнерлердің туындылары Fashion show-да ерекше үйлесім тапты. Дүйім жұрттың көңілінен шыққан шара Нью-Йорктің БҰҰ ғимараттарының бірінде өтті, деп хабарлайды 24.kz. 

 «Сымбат» сән академиясы әлемді 1972 жылдан бастап таңдай қақтырып жүрсе, америкалық әріптестер бұл бастаманы енді ғана қолға алған. Қазақстандық сән үйінің арт-директоры Балнұр Асанова көпшілік назарына түрлі тоқымадан тігілген кесте мен өзіндік ерекшелігі бар жібек жейделерді ұсынды.

 «Мені Қазақстанның «Сымбат» сән академиясы дизайнерлерінің жұмысы таң қалдырды. Кейбірі мүлде көздің жауын алады. Мұнда әр нәрсеге ерекше көңіл бөлінгендігі анық байқалады. Қазақстанның сән үлгісі бізге ерекше леп берді»,-дейді, Fashion for Development компаниясының президенті Иви Эвангелоу.

Нью-Йорк дизайнері Валентина Кова аталған көрсетілімнің көрігін одан сайын қыздыра түсті. Оның қолынан шыққан киімдерді Хиллари Клинтон, атақты актриса Джуллиана Мур, «Оскар» жеңімпаздары сынды айтулы тұлғалар тұтынады. Сондай-ақ автор осы жолы зергерлік бұйымдарын да ала келген. Оның әшекейлерін экранға енді ғана шығатын «Бэтмен суперменге қарсы» жаңа көркем фильмінің кейіпкерлерінен көре аласыздар. Бағдарлама аясында жас әнші Алтынай Сапарғалиева Қазақстанды әр қырынан танытуға өзіндік үлесін қосты.


 «Сән үлгісі өте керемет өтті. Қазақстан туралы көркем фильм мені ерекше баурап алды. Әншілеріңіз Алтынай да қатты ұнады. Біз Қазақстан туралы біраз нәрсені білдік, елдеріңізге қазір ұшып баруға дайынмын»,-дейді  іскер әйел Шерон Буш.