Обаманың сыртқы саясатына америкалықтардың жартысынан астамы наразы – сауалнама

"Нью-Йорк таймс" басылымы мен Си-Би-Эс телеканалы жүргізген сауалнама қорытындылары осындай.

Зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, американдықтардың 52 пайызы мемлекет басшысының Ирактағы саясатына наразы.

Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, респонденттердің 58 пайызы президенттің сыртқы саясатты жүргізуіне көңілдері толмайды,- бұдан бір ай бұрынғы өлшемге қарағанда 10 пайыз пунктке көп.

Б.Обаманың сыртқы саясатын қолдамайтын американдықтар саны ол 2009 жылы президенттік қызметке кіріскеннен бері ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Соған қарамастан, сауалнамаға қатысқандардың 51 пайызы президенттің Иракқа 300 әскери кеңесші жіберу туралы жақында қабылдаған шешімін қолдайды.


Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 56 пайызы мемлекет басшысының «Ирак пен Левантаның Ислам мемлекеті» тобының радикалды содырларымен күрес үшін Иракқа американдық ұшқышсыз ұшақтар жіберу туралы қадамдарын қолдайды.

Сауалнама телефон арқылы 20-22 маусым аралығында жүргізілген. Оған 18 жастан жоғары 1 мың адам қатысқан.