"Жергілікті әкімдер тиісті облыс орталықтарында орындар бөлсе, министрлер қажетті қызметкерлердің санын бекітуі қажет",- деді Д.Ахметов.
Дегенмен үкімет басшысы кейбір министрліктердің аталмыш орталықтарда жұмыс істеуге тиіс қызметкерлердің санын арттыру туралы ұсынысын қолдамады. "Мұндай қызмет түрлері қазір де көрсетіледі және онымен айналысатын адамдар жеткілікті",- деді үкімет басшысы.
"Президенттің бұл идеясының түпкі мәні - шенеуніктердің санын арттыруға емес, қызметтің бір жерде шоғырлануына, адамдардың барлық қызмет түрлерін жылдам әрі эффективті алуына келіп саяды",- деді Д.Ахметов. "Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылатын барлық құрылымдар қазіргі бар құрылымдардың негізінде жасақталады. Осыған байланысты барлық мекемелер аталмыш орталықтарға өз өкілдерін жіберуге міндетті",- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, халыққа "бір терезе" принципі бойынша қызмет көрсететін орталықтар сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға, төрешілдік пен сөзбұйдаға салуды доғаруға мүмкіндік береді. Мұндай орталықтар жеке басты куәландыратын құжаттар, жүргізуші куәлігі, некеге тұру куәлігі, салық төлеушінің куәлігі, жер қожайыны екендігі туралы құжаттар, жол қозғалысына мемлекет тарапынан рұқсат беретін актілер, заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуге тұрғаны туралы куәліктерді береді. Әрбір орталықта нотариус пен суретке түсіруші жұмыс істейді.
Халыққа "бір терезе" принципі бойынша қызмет көрсететін орталықтарды құру туралы бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен биыл 500 млн. теңге бөлінді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті