-Облыс басшысының алдынан көтеріңкі көңіл-күймен шықтым. Туған жеріме келген сайын жасарып кетемін. Ел-жұрт керемет қарсы алып жатыр, «Айналдым елім» атты бүгінгі концертіме "Атамекен" фестивалінің әр жылдардағы жеңімпаз-жүлдегерлері мен тұңғыш Президент қорының лауреаты, ұлым, әнші-композитор Біржан қатысады. Менің әндерімді әрлеп, халыққа ұсынып жүрген де осы Біржан. Ол әндердің ішіндегі Ақ Жайыққа, туған ауылым Қаратөбеге арналған жаңа туындыларымды көрермен осы жолы тыңдай алады, - деді Ескендір Хасанғалиев кездесуден кейін.
Жиырма бір жасында "Анаға сәлем" әнімен қалың қазаққа танымал болған әнші-композитордың мерейлі тойы елімізде кеңінен аталып өтуде. Облыс орталығындағы концерттен кейін Қаратөбе елі композитор перзентін қарсылап алмақ. Одан кейін Хасанғалиевтер әулеті Ақтөбе қаласына аттанады.