Облыс тұрғындары дағдарысқа байланысты жаңа жылда аста-төк дастархан жая алмайтынына қапалы

Жұмыс күні болса да Ақтөбедегі орталық базарды аралап жүргендердің қарасы көп. Әсірсе, көкөніс пен тәтті сататын сөрелер жанынан еркін жүре алмайсың. Дегенмен жарытып сауда жасап жатқандары жоқ. Өйткені тұрғындар тауар бағаларының күрт өскеніне өкпелі. Әсіресе жаңажылдық дастарханға қоятын салаттың құрамындағы мәзірлер шарықтап кетіпті. Картоп бірер күн бұрын 70 теңге тұрса, қазір 90 теңгеге, сәбіз 150 теңге, ал шұжық өнімдерінің құны мың теңгеге жеткен.

Құралай, саудагер :

-Мықты  сауда жоқ. Бәрі қымбат. Халық та өкпелі.

Ал еліміздің солтүстігінде ет қымбаттады. Осыдан бір апта бұрын ғана сиыр етінің көтерме бағасы 750-800 теңге еді. Қазір базарда оның құны 1200 -1600-ге бір-ақ шарықтаған. Жылқы етінің келісі екі мың теңгеге жеткен.  Саудагерлер жаңа жыл алдында бәрібір етке сұраныс бар деп отыр. 

Найман Қасенов, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Жаңа жыл етсіз болмайды ғой. Қанша болса да аламыз, не қыламыз?. Ет асу керек, онсыз болмайды. Қазақтың еті болмаса, қандай жаңа жыл- жаңа жыл. Сондықтан қанша болса да аламыз.

Сондай-ақ бұрынғыдай жыл атауына байланыстырып дастархан жаятын дарақылықты қойыпты. Мешін жылында бананға сұраныс көп болады деген ақтаулық саудагерлердің өзі таң қалып отыр. Себебі алушылар аз. Сондықтан тұтынушыларын үркітіп алмас үшін Ақтау базарларында тауардың бағасын жазбапты. 

Кристина Миронова, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Осы жылы Жаңа жылды отбасымызбен өте қарапайым қарсы аламыз. Бәрімізге дағдарыс әсер етіп жатыр. Биыл дастарханымыздың басты мәзірі болатын бананның бағасы қымбаттап кетіпті. Екі-үш күн бұрын келісі 350 теңге болатын қазір 500 теңге.

 

Ал Атырауда керсінше қымбатшылыққа қарамастан арақ-шараптың саудасы қызып жатыр. Алкогольді өнімдер сататын дүкен иесі жаңа жыл қарсаңында бір байып қалғанын жасырмайды. Себебі мұнда келген әр тұрғын кем дегенде 10 мыңнан 20 мыңға дейін тастап кетіп жатыр. Ең өтімді арақ-шарап бағасы мың теңгеден басталады. 

Loading...